Құны қымбат тұрғын үйдің шатыры тесіліп, іргетасы үгілітіп жатыр
5 жыл бұрын салынған құны қымбат тұрғын үйдің шатыры тесіліп, іргетасы үгілітіп жатыр. Қыруар қаржыға сатып алған баспанада одан бөлек басқа да мәселелер көп. Ал, тұрғындар сапасыз құрылыс салған басқарушы компанияға наразылық білдіріп отыр. Қомақты қаржыға баспана сатып алып, опық жегендердің жайын Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Алматыдағы қымбат аудандардың бірінде орналасқан, әрбір шаршы метрі қыруар қаржы тұратын үйдің сиқы осы. Жаңбыр жауса болды, төбеден сарқырап су ағады. Баспанаға сан мәрте жөндеу жасалса да, ылғалдың кесірінен бояуы кетіп, қабырғасы көгерген. Оған қоса, тұрғын үй кешенінде қордаланған мәселе көп. Үйдің іргетасы қазылып, ауладағы жол опырылып кеткен. Ал өрт қауіпсіздігі мүлде сақталмаған дейді тұрғындар. Сондықтан су ақса жандарын шүберекке түйіп отырады.
Халық басқарушы компаниядан шатырды жөндеп, олқылықтарды ретке келтіруді бірнеше мәрте сұраған. Десе де тұрғындардың мәселесіне құлақ асқан олар жоқ. Жасаған жұмысына көңілі толмаған ел басқарушы компанияны ауыстырғылары келіпті. Бірақ бәрі сәтсіз аяқталған.
«Бізде барлығы 300 пәтер бар. Бірігіп дәл қазір басқарып отырған компаниядан бас тартқымыз келген. Тіпті ұжым болып, арызға қол қойдық. Компанияның жіберген қатесін жинастырып жүрміз. Оларды әкімшілік сотқа да бердік. Сот оларды 2-3 мәрте жазалаған болатын қателеспесем. Ұжым тек айыппұл төлеумен шектеліп келеді. Кейін ары қарай жұмысын жалғастыра береді», – деді қала тұрғыны Лина САДЫҚОВА.
Тұрғындар түйіткілдерін шеше алмаған компаниядан құтылып, өздері кондоминиум құрғылары келеді. Тек тұрғын үй кешенін басқарып отырған мекеме тиісті құжаттарды өткізбей жүр. Өйткені олар халыққа жер астындағы тұрақты қолдануға бермей келеді. Оны бизнеске айнылдырған компания өкілдері орындарды жалға беріп, ақша жасап отыр дейді тұрғындар. Ал халыққа бос емес деген желеу айтады екен.
«Үйді алғанбыз, құжаттың бәрі бар. Паркинг та алғанбыз машинаға. 5 жыл болды, жоқ. Сотқа беріп жатырмын», – деді қала тұрғыны Мырзахан ТҰРЫСБЕКОВ.
Халықтың басындағы базынасын тыңдап қайтқан түсірілім тобы мән-жайды білу үшін басқарушы компанияға хабарласты. Бірақ олар сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартты. Тек телефон арқылы жағдайды түсіндірді.
«Қазіргі таңда үй иелері жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ешқандай да қаржы жинамаған. Қорда оған қаражат жоқ. Карантин кезінде көп адам жиналуға тыйым салынған. Сондықтан жиналыс өткізіп, басымызды біріктіре алмай жатырмыз. Рұқсат етілген соң, мәселелерді анықтап, шешетін боламыз», – деді компанияның басқарушы директоры Еркен ТЕЛМАНБЕТОВ.
Халыққа енді жағдайдың оң шешілуі үшін күтуге тура келеді. Өз кезегінде, компания басқарушысы жасаған жұмыстары сайтта жарияланып тұр деп ақталды.
Жадыра Омаржан, Жанат Әйтенова, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы