|
28.09.2021 | 20:49
22638

Атырау облысында 30 жыл бойы үйсіз жүрген жалғызбасты ана баспаналы болды

Мүгедек баласымен мектеп қабырғасын паналап келген анаға жергілікті кәсіпкер үй алып берді

Атырау облысында 30 жыл бойы үйсіз жүрген жалғызбасты ана баспаналы болды Almaty.tv

Атырау облысында 30 жыл үйсіз-күйсіз жүрген жалғызбасты ана баспаналы болды. Оның ұзақ жыл күткен қуанышына жетуіне жергілікті кәсіпкердің жомарттығы себепкер болған. Кәсіпкер бұдан бөлек, тағы 150 адамды жұмыспен қамтып, «Туған жер» бағдарламасымен ауылына жол төсепті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.      

Атырау облысына қарасты Махамбет ауданындағы жергілікті білім ордасында ұстаздық еткен Әлия Қаленова мүгедек баласымен 30 жыл бойы мектеп қабырғасын паналап келді. Педагогтің тұрмыстық жағдайына бей-жай қарамаған жергілікті кәсіпкер Әділ Жұбанов күні кеше ғана өзіне ұстаздық еткен жанға үй алып берді. Еңбегі жанды деген осы.  

«Ескі үйім құлайын деп тұрды. Ол ескі мектептің ғимараты еді. Онда 30 жыл тұрдым. Енді өте қуаныштымын. Сол сәтте қуанышым жүрегіме сыймады», – дейді Махамбет ауданының тұрғыны Әлия Қаленова.

Жомарт кәсіпкер өзге ауылдастарын да назардан тыс қалдырмады. Мәселен, көпбалалы жалғызбасты ананың бірі Маргарита Сейталиева да бұған дейін балаларымен тума-туысын паналап, 2 жыл жатақханада өмір сүрген.

«Көгеріп жатқан үйде тұрдық. 8 наурызда осы үйді берді. Бұрынғы үй адам тұратындай емес еді», – дейді жалғызбасты ана Маргарита Сейталиева.

Ал Айман Сәлиева 4 жылға несие алып, пандемия кезінде кірісі болмай, уақытылы төленбеген қарызының үстеме пайызын өсіріп алған. Жергілікті кәсіпкер жалғызбасты ананың жағдайын түсініп, баспана мәселесімен қатар, қарызын да жауып, демеу көрсетті.  

«Сол кездерде несиемді төлей алмай жатқанымды айттым. Жағдайымды айттым. Сол кезде маған осы несиені жабуға көмектесті», – дейді жалғызбасты ана Айман Сәлиева.  

Атыраулық кәсіпкер Әділ Жұбанов «Туған жер» бағдарламасымен ауылына жол төсеп, көмекке зәру жерлестеріне қол ұшын созды. Сондай-ақ Исатай мен Махамбет аудандарындағы әлеуметтік жобалардың іске асуын да өз мойнына алыпты.

Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир