Қарағандыда 12 жастағы баланы көлік қағып, көз жұмды
Қарағандыдағы болған адам шошырлық апаттан соң, тұрғындар бағдаршамның қажет екенін айтып, дабыл қағып жатыр. Жиі қайталанатын жол-көлік оқиғасынан бұған дейін талай адам жан тапсырған. Мектепке барар жолда тағдыры үзілген 12 жастағы бала – сол көптің бірі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бала өмірін жалмаған оқиға кеше таңсәріде болған. Куәгерлердің сөзінше, мектепке бара жатқан оқушыны қатты жылдамдықпен жүйткіген көлік қағып, 4-5 метрге дейін лақтырған. Салдарынан бала есін жимастан, ауруханада көз жұмды. Ал апаттан есі қашқан тұрғындардың айтуынша, дәл осы аумаққа бағдаршам орнату қажет деген ұсыныс әкімдікке сан мәрте ескертілген. Дегенмен ел сөзін естір құлақ табылмапты.
– Toyota Prado көлігі үлкен жылдамдықпен жүріп, баланы қағып кетті. Біз тірі қалса екен деп тіледік. Өкінішке қарай, ауруханада көз жұмғанын естідік. Қала көшелерінде көлікті қатты жүргізуге болмайды. Бір отбасы жылап қалды, – деді қала тұрғыны Юля Тригер.
Жаяу жүргіншілер жолағы жарық шамына жарымай тұр. Көлік апатының жиілеуіне ол да әсер еткен.
– Бала өліміне қатысты қайғылы жағдай үшін әкімдік өкілдерін жауапқа тарту қажет. Олардың да балалары бар емес пе? Осы маңға бағдаршам керек деп қанша рет айттық. Кәсіпкерлердің атынан талап қойдық. Ешкім естімейді, әрекет етпейді. Адам өмірі ойыншық емес, – деді кәсіпкер Татьяна Чапаева.
Қала билігі қайғылы оқиғадан кейін жаяу жүргіншілер жолағы бар аумақ қатаң назарда болады деп отыр. Алайда олар қар кетіп, күн жылығанда бағдаршам орнатуға кіріспек.
– Жолға бағдаршам орнату тиімділігі қарастырылады. Жауапты мекемелермен, құзырлы органмен аумақтағы қауіпсіздікті күшейтуге қатысты іс-шараларды алдағы уақытта жүзеге асырамыз, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Дастан Оспанов.
Бала өлімі болған көшеде мектеп пен емханаға сабылған халықтың қарасы қас қарайғанша үзілмейді. Соны ескерген елдің басты уайымы – жаяу жүргіншілер жолының жайы. Ал жергілікті билік бағдаршам орнатуға асықпайды.
Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағандыдан
Оқи отырыңыз: Қарағандыда 12 жастағы баланы көлік қағып кетті