Коммуналдық қызметтің зары өткен Түркістан облысының тұрғындары шу шығарды

09.08.2019 00:13

Енді ел Президентке хат жазуға бекініп отыр

Түркістан облысы, Қаратау ауданына қарасты Азат» шағынауданының халқы жекенің меншігіндегі су мен жарық, газға телміруден шаршадық дейді. Ұзын-ырғасы 15 жылдан бері талай табалдырықты тоздырған көпшілік жауаптылардың уәдесіне сенуден қалған. Енді ел Президентке хат жазуға бекініп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бір күні болмаса, бір күні гүмп етіп атылса, не боламыз. Астанадағыдай 5 бала-шаға қайтыс болды ғой. Міне, біз күнде осындай үреймен ұйықтаймыз», – деді ашынған тұрғын.  

Мегаполисте тұрамыз деген атымыз ғана дейді «азаттықтар». Өздерін аралда қалғандай сезінетін тұрғындардың жалғыз шүмекке күні қарап отыр. Оның өзін жергілікті тұрғын жеке меншік компанияға ақы төлеп құрғызған.

«Бізге жоқ дейді, олай болса жекеменшіктегідер қайдан алып жатыр газды. Мемлекеттен алып жатыр. Ал біз секілді қарапайым халықтың 250 мың  теңгеге кіргізетін шамасы жоқ. Сондықтан әкімдікке барамыз», – дейді Әлия СӘБИТОВА.

Шілденің шіліңгір ыстығында судан тарыққан халық енді қыстың қамын ойлап отыр. 

Айтуларынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы қайғылы оқиғаның шағын ауданында қайталануы ғажап емес. Себебі мұндағылар әлі күнге дейін газ балонын қолданып келеді. Сапасы сын көтермейтін құрылғының өзін ересектер бісмілләсін айтып әрең қосады екен.

Тұрғындар жеке меншік компанияның құрығы жеткен коммуналдық қызметті үкіметтің қолға алмай тұрғанын түсінбей дал. Ал халықтың жоғын жоқтап жүрмін деп сендірген ауыл биінің сөзін қарапайым жұрт жоққа шығарды.

«Бұлар біздің өмірді түсінбейді. Өйткені өздері біз сияқты топырақ кешіп, сасып кеткен газ балонды қолданбайды, үйлерінде газы бар, ыстық суы ағып жатыр, жуынатын ваннасы мен әжетханасы да ішінде. Ондай адамдар біздің өмірді түсінбейді», – деді халық ашуға булығып.

Сөзіне сенсек, ауыл әкім де қарап жүрмеген секілді. Десек те, комуналдық салаға тікелей жауапты басшылардан мүлдем қайыр жоқ.

«Мен сізге жауап бере алмаймын. Сіз бізге сұраныс жасаңыз. Сол кезде жауап береміз», – деді Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әлия АЛТАЙ.

Қызметіне жуырда ғана кіріскен Әлия Алтай осылайша азаттықтардың көңілін көп еткен толасыз сұраққа жауап бере алмады. Ал, қалың ел дегенімізге жету үшін табан тозғанша мекемелердің табалдырықтарын аттай береміз деп отыр.