Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқына үндеу жариялады
Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқына үндеу жариялады. Осынау қиын-қыстау кезеңде Ұлтты ұйымшылдыққа шақыратын «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сарапшылар, саясаттанушылар мен депутаттар, сондай-ақ, түрлі ұйым өкілдері маңызды мақаланың дер кезінде жарияланғанын айтуда. Әріптесім Өмір Әнуарбектің жинаған пікірлеріне назар салайық.
Бүгін жарық көрген мақаланың мазмұны терең. Еліміздің Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үндеуінің алғы сөзін халықты сабырлыққа, байсалдылыққа және шыдамдылыққа шақырумен бастайды. Қауіпті індетпен күреске әлем елдері бірігіп, бар күш-қуаты мен ғылым-білімдерін паш етуде. Ал, Қазақстан болса, аурудың алдын алуға алдыңғылардың бірі болып кіріскенін жазды елбасы. Соныме қатар, ұлы ойшылдардың сөзін мысалға келтіріп, жаһан жұртымен ынтамақтастықта өмір сүріп жатқанымызды жеткізді. Саясаттанушы Айдос Сарым, Елбасының мақаласындағы көтерілген мәселелердің маңызды екенін айтып, карантиннен кейінгі өмірге де дайын болу керектігін еске салды.
«Құлдыраған салаларға мемлекеттік көмек деген әңгімелер де көп айтылып жатыр. Оның ішінде ауылшарушылығы да бар. Осыларды қазір шындап қолға алу керек сияқты. Осы дағдарыс біте қойған кезден жұмақ орнайды, керемет бейбіт заман орнайды деп айта алмаймын. Керісінше, күні-түні еңбектенетін, әрбір экономикалық саланы қолдауға, оны өсіруге, дамытуға бағытталған үлкен саясат күтіп отыр бәрімізді», – деді саясаттанушы Айдос САРЫМ.
Тұңғыш президент өз мақаласында Қазақстан қазба байлықтарға бай, бірақ шикізатқа тәуелді болмас үшін ел экономикасын әртараптындырғанын айтты. Осы мақсатта бінеше бағдарлама әзірленіп, соның аясында әлемдік бәсекеге қабылетті мемлекет атанғанымызды да тілге тиек етті. Қазір сол әлеуетімізді пайдаланатын кез келді. Төтенше жағдай кезінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына үкімет тарапынан көрсетілетін алуан түрлі көмек соның дәлелі. Мемлекеттен қолдау тапқан бизнесмендер де құжаттың дер кезінде жарияланғанын айтып, бірге болуға шақыруда.
«Елбасымыз осындай қиын жағдайда бір-бірімізге көмек беру, бір жағадан бас ,бір жеңннен қол шығару керек екенін айтып отыр. Менің ойымша, бұл дұрыс. Өзіміз де қазір адамдарға көмектесіп жатырмыз. Достарыма, басқа да кәсіпкерлерге, жалпы қазақ еліне мың да бір рахмет айтқым келеді», – деді кәсіпкер Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕН.
«Біз біргеміз акциясы үлкен ұйымшылдықпен жүре бастады. Сонымен қатар, қоғамдық қордан Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж азаматтардың баршасына 50 мың теңге қаражат бөліне бастады. Бүгін оны қазақстандықтар алып, өзінің қажетіне жарата бастады», – деді ҚР білім меценаты, «Алтын жүрек» ұлттық жүлдесінің иегері Бекзат АЛТЫНБЕКОВ.
Елбасы дәл осы тұста бәрімізге халқымыздың әрдайым үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді деп сенемін деді. Адамның өзіне деген сенімі – құдіретті күш. Бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз қажет. Халқымыздың бойындағы ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейтінін айтты.
«Мен үшін осы мақала өте маңызды және орынды болды. Өйткені төтенше жағдай жалғасып жатыр. Айдың жартысына жеттік, осы жартысында Елбасының ақылын тыңдап, оқып шығып, бір әңгімелескен сияқты болдым», – деді Павлодар облысы «Өрлеу» ҰБАО АҚ» филиалының директоры, ф.ғ.к., доцент Роза ӘШІМБЕТОВА.
«Бір-бірімізге көмектеспесек, бүгінгі жағдайдан шыға алмаймыз. Елбасы жастарға ерекше көңіл аударған. Үлкендерді тыңдап, осы уақытты дұрыс пайдаланып, жеке білім алып, ары қарай болашақта еліміздің дамуына үлес қосыңдар деп жастарға сенім артқан», – деді "Қазақстан жастары конгрессінің" атқарушы директоры Тоқтар БОЛЫСОВ.
Нұрсұлтан Назарбаев «Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сары уайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек» деп жазды. Сондықтан бірлігімізді бекем қылып, тірлік істеуге шақырды.
«Елбасы үндеуінде аға ұрпақ өкілдеріне сөз арнады. Аға ұрпақты, елді бірлікке, ынтымаққа шақыруға жақсы игілікті істердің басында болуға, салауатты өмір салтын ұстауға шақырды. Елбасы жас ұрпақ өкілдеріне сөз арнады. Еліміздің болашағы сіздерсіздер, бүгінгі жас ұпақ, егемендігіміздің құрдастары, аға ұрпақ өкілдері сіздер үшін қолынан келгеннің барлығын жасады. Енді кезек сіздерде», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Әлімжан ҚҰРТАЕВ.
Мақаланың мазмұны ұлтты ұйымшыл ету. Жұдырықтай жұмылып, індетке біріге қарсы тұруға шақыру. Қазақстанның Тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз үндеуінде: Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін деді. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз деп қорытындылайды мақаласын Елбасы.
Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы