Елімізде жақсылық жасаумен айналысып жүрген жастарға арнайы сыйлық табыс етілмек
«Жастар жылы – даңғыл жол». Алматыда Қазақстан халқы ассамблеясы осындай атаумен жаңа жобаны таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұсауы енді кесілген бағдарлама жыл бойы «Жомарт жан», «Шаңырақ» және «Бірлік» деген үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Мақсат – жақсылық жасап, жомарттық таныту. Жобаға еліміздің барлық жастары қатыса алады. Ол үшін Қазақстан халқы ассамблеясының ресми сайтында өз ұсынысын қалдыруы қажет.
«Бұл жобаның нәтижесі жыл соңында үлкен 3 сый-сияпатпен беріледі. «Бірлік» бағыты бойынша жеңімпазға Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік» медалі берілсе, «Жомарт жан» бағыты бойынша үлкен сый-сияпат бар. Барлық бағыт бойынша жақсы мүмкіншіліктер қарастырылған», – деді Алматы қаласы бойынша «Жарасым» жастар ұйымының жетекшісі Дилярам АБДИМИТОВА.
Сондай-ақ, бүгін Достық үйінде 100-ден астам алматылық студент еліміздегі жетістікке жеткен жандармен дидарласып, кеңес алуға мүмкіндік алды. Ондай жандардың қатарында 27 жылда 5 мыңнан аса баланы аяғынан тік тұрғызған ортопед-травматолог Исамдун Харамов та бар. Оған қоса, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары: кардиохирург Гүлжан Сәрсенбаева, Әлібек Смағұлов та жастарға ақылдарын айтты.
«Жастар келешекте көк байрағымызды жоғары көтеріп жүру үшін келешекте көптеген жетістікке жетіп, оқып, білім алуы керек. Біз де осы уақытқа дейін қаншама жыл мектеп, институт табалдырығын тоздырсақ та, әлі оқып жатырмыз. Әлі де білікті мамандардан үлгі алғымыз келеді», – дейді Балалар ортопед-травматологы, «100 Жаңа Есім» жобасының жеңімпазы Исамдун ХАРАМОВ.