Жыл соңына дейін комиссия 15-20 томдық кітапті жарыққа шығармақшы
«Алаш қозғалысы» ресми түрде «Қазақ Ұлт-азаттық қозғалысы» деп мойындалып, арнайы мемлекеттік деңгейдегі құжат қабылдануы керек. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы мемлекеттік комиссия мүшелері Үкіметке осындай ұсыныс жасамақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тарихшылар мемлекеттік комиссияның жүргізген жұмысы барысында осындай тұжырымға келген. Бұдан бөлек жыл соңына дейін комиссия 15-20 томдық кітапті жарыққа шығармақшы. Онда бірнеше жылда жүргізілген еңбектер, табылған тың деректер мен құпия қағаздар жарияланатын болады. Бүгін Жазушылар одағында арнайы жиын өткізген зиялы қауым репрессия құрбандарын ақтауға байланысты мәселелерді талқылады. Комиссия мүшелері құқық қорғау органдарында жатқан миллиондаған құпия архивті зерттеуге мүмкіндік алған. Бірақ олар толық зерттеліп, құпиясызданған соң ғана қол жетімді болады.
«Жабық болып келген құпия қорларға есік ашылды деп айтуға болады. Осыған дейін ғылыми айналымға таратылмаған құжаттар айналымға түсіп жатыр. Басқаша айтсақ елімізде архив революциясы жүрді деп айтсақ артық болмайды», – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Мәмбет Қойгелді.
Дегенмен құпия деректерге толық қол жеткізу әлі де мүмкін болмай тұр дейді тарихшылар. Зерттеушілердің айтуынша, Алаш арыстарына қатысты тарихи фактілер жетіспейді, кей мәліметтер әлі күнге құпия. Мәселен Ғарифолла Әнес «бұған дейін аштықтан 1,5 миллион адам қырылды делініп келді" десе, жасырын деректер ашылған соң оның саны бірнеше есеге көбеюі мүмкін дейді.
«21-22 жылғы аштыққа 100 жыл болды қазір. Бүкіл архивтер 50 жылда өзінің құпиясын ашу керек. дүниежүзілік конвенция бар, 70 жылдан артық ұсталмайды. Мысалы Сталин, Гитлердің архиві бәрі ашық тұр қазір. Ал біз неге өзіміздің қазақтың аштан қырылғанын, атылып кеткен адамдарын жасыру керекпіз? Барлық шындық ашылуы керек қой деп ойлаймыз», – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Ғарифолла Әнес.