Әкімдік берген уәдесінің бірі де орындалмапты
Алматы облысына қарасты Шелек ауылында балаларымен өрттен аман қалған отбасына жұрт жылу жинады. Қас қағым сәтте шаңырағын қызыл жалын жалмаған Әшірбековтер әулеті наурызда үйсіз далада қалды. Сегіз баласымен тағдыр тәлкегіне ұшыраған жанұя «Алматы» телеарнасының тілшілеріне жүгінген.
Алтын алқалы ана Әдемі Баймолдинованың тұңғышы – жиырма жасқа толса, кенжесі - 6 айлық нәресте. Наурызда Әшірбековтер әулеті тұрып жатқан 39 шаршы метр баспана күлге айналған. Тілсіз жау ойламаған жерден тұтанып, 9 адамды далада қалдырып, ордалы отбасының барарға жері, басарға тауы қалмады.
– Есікті аштым, қара түтін бұрқ ете қалды. Су алып шашайын деп жүгірдім. Қызым тоқтатып, өрт сөндірушілерге хабарластық, – деді Шелек ауылының тұрғыны Әдемі Баймолдинова.
Арада 4 ай өтті. Арна тілшілері аудандық әкімдікке кіріп, Әшірбековтер тұрып жатқан уақытша баспананың мерзімін ұзарту мәселесін көтерген. Қиын-қыстау кезеңде «Алматы» телеарнасының көрермені де тағдыр тәлкегіне ұшыраған жанұяға қол ұшын созып, қолғабыс көрсете білді. Жұрт санаулы күнде 2 миллион теңгеге жуық қаражат жинап, отбасының аяққа тұруына жәрдемдесті.
– Бүкіл Қазақстан ақша жинады. Бір келіншек күнде 200 теңгеден аударып, қуантады. Қарапайым халықтан 1 миллион 700 мың теңге жиналды. Балаларға арналған соң, ақшаны солардың қажетіне жұмсадық. Халқыма, мың алғыс! – деді Шелек ауылының тұрғыны Әдемі Баймолдинова.
Өкініштісі, оқыс шыққан өрттен кейін түгі қалмаған жанұяға әкімдіктің берген уәдесінің бірі де орындалмапты. Аудандық билік кәсіпкерлерді қиындыққа тап болған отбасыға жәрдемдесуге жіберіп, құжатын жасап, балалардың жеке жабдықтары мен жаңа құрылысқа қолдау көрсететінін айтқан. Бірақ нәтиже жоқ.
– Көмектесемін деп уәде бергеннен кейін, орындау керек, – деді Шелек ауылының тұрғыны Әдемі Баймолдинова.
Арна ақша жиғанымен, жергілікті билік көмегінің жөні бөлек. Сондықтан мәселенің мән-жайын айтып, әкімдіктен 4 ай бұрынғы уәденің қашан орындалатынын сұрадық.
– Екі машина тас, құм немесе 5 қап цемент керек дегендей, нақты керек құрылыс метериалын айтса, көмектесеміз, – деді Еңбекшіқазақ ауданының әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов.
Ойда жоқта баспанасының ойраны шыққан отбасы әлі де қолдауға мұқтаж. Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі құрылыс бастауға көмек көрсетілетін айтты.
Әйкерім Пернебек, Ханкелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Қоқыс өңдеу зауыттарының бірінде сәбидің мәйіті табылды