|
19.07.2019 | 19:42
9769

Алматы маңайындағы өзен-көлдер автоматты жүйе арқылы басқарылады

Жалпы Алматы аумағындағы тауларда 36 мореналық көл бар

Алматы маңайындағы өзен-көлдер автоматты жүйе арқылы басқарылады Стопкадры Almaty.tv

Алматы халқын селден қорғау үшін өзен-көлдердегі су деңгейі енді автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады. Қазір мореналық көлдерге станциялар мен датчиктер орнатылып жатыр. Бүгін шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев жаңа жүйесінің жұмысы мен Алматының тау көлдеріндегі қауіпсіздік шараларымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күннің күрт ысуы, мұздықтарды ерітуі әбден мүмкін. Сондықтан шаһар басшысы әуелі қала төңірегіндегі қауіпті көлдердегі ахуалға ден қойды.

Жалпы Алматы аумағындағы тауларда 36 мореналық көл бар.

Алдағы уақытта Үлкен Алматы өзенің үстіндегі Аюсай сағасына және Ақсай көліне бөгет салу жоспарланып отыр. Құрылысқа жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып та қойған. Ендігі мәселе қаржының бөлінуінде. Құрылыс аяқталған соң, Аюсай бөгетінің 2 млн текше метр, ал Ақсай бөгетінің 7 млн текше метр тіршілік нәрін ұстап тұратын қауқары болмақ. Осылайша етектегі елге судан келер қауіп жойылмақ.

Алматы халқын селден қорғау үшін өзен-көлдердегі су деңгейі енді автоматтандырылған жүйе арқылы онлайн түрде бақыланады. Қазір мореналық көлдерге станциялар мен датчиктер орнатылып жатыр. Қондырғылар судың температурасын, деңгейін есептейді. Егер сел қаупі туындаса, төтеншеліктерге бірден дабыл береді. Сөйтіп мамандар тасқынның алдын аламыз деп сенімді отыр. Биыл мұндай жүйенің 10-ы орнатылса, келер жылы тағы 21-ін көлдерге қою қарастырылған.

«Бұл бізге не береді? Станциялар көптеген датчиктермен жабдықталатын болады. Сигнал JSM спутник каналдары арқылы орталыққа беріліп, біз онлайн режимде көлдегі жағдайды, су деңгейін, температурасын көре аламыз. Сел жүрген жағдайда өзен арналарында орналасқан датчиктер сигнал береді. Соған сәйкес жедел шара қолданылады», – деді Алматы қаласы ТЖД бас маманы Алмас ҚҰРМАНОВ.

Жұмыс сапары кезінде әкім Іле-Алатау паркіндегі экологиялық бекеттің жұмысымен танысты. Былтыр бұл тау бөктеріне 120 мың демалушы келген екен. Олар паркке кіргені үшін бекеттегі бақылаушыларға 52 млн теңге төлеген. Енді қолма-қол төлем тоқтатылып, кіру ақысы толығымен электронды форматқа көшеді. Бұл көлеңкелі ақша аударымдарына тосқауыл болмақ. Тұмса табиғат аясына келушілер бұдан былай тек терминалдар мен «Оңай» қосымшасы арқылы есеп айырысады.

Дәл осы экологиялық бекет тұрған Дулати көшесінің 5,5 шақырымы қазір жөндеуден өткізілуде. Құрылыс жұмыстары полиция бекетінен бастап, Іле Алатау ұлттық паркінің кіре берісіне дейінгі аралықта жоспарланған. Бұрын-соңды бұл аумақта жүргіншілер үшін мүлдем тротуар болмаған екен. Оның үстіне арық жүйелері де әбден тозған. Енді мердігерлер көшені тегістеу кезінде бұл олқылықтарды ескермек. Әрі тозығы жеткен бордюрлерді де ауыстыру көзделуде.

«Газ құбырының жұмыстарын 1 тамызда бітіруді жоспарлап отырмыз. Жолды біз тамыз айының аяғына дейін толығымен аяқтаймыз. Қазіргі кезде 2 шақырым жол салып қойдық. Енді қалған 3 шақырымды тамыздың соңына дейін толығымен бітіреміз», – деді Сағындық ТЕЛІБАЕВ.

Бұдан бөлек, Алматы әкімі Дулати көшесінде жасалып жатқан шағын саябақтың құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл аумаққа 300-ге тарта ағаш отырғызылып, балалар ойын алаңдары мен жарық шамдары орнатылмақ. Жасыл аймақ тамыз айында жұрттың тынығуына беріледі.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир