Бүгінде Алматы қаласында 43 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан тұрып жатыр
Мүгедекке мүмкіндік жасалды деген жалған. Алматы тұрғыны Бақытжан Сағынтаевтың әлеуметтік желісіне жерүсті өткелімен өтетін құрылғы мүлдем істемейді деген шағым жолдаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындардың сөзінше пандус адам өміріне өте қауіпті. Егер мүмкіндігі шектеулі адамның арбасы қолыңнан шығып кететін болса, қабырғаға соқтығысқан адам аман қалу мүмкін емес дейді. Оның үстіне балалы аналар арбаларын мына жолмен шығармайды екен. Тек өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұрауға мәжбүр. Он екі мүшесі сау адамның өзі әрең түсіп-шығатын пандустан бірде-бір мүгедектің өткенін көрмеген екен сондағы жергілікті азаматтар.
Аудан әкімдері мен басқарма басшыларының есебінде істеп тұрған құрылғылар азаматтардың игілігіне келгенде жарамайтын болып шықты. Алматы әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасына шағым жазған қала тұрғыны мүгедектерге жасалған жағдай жалған деді. Сол себепті жарымжандардың жолдың келесі бетіне өтуі қиямет-қайым. Шағымның авторымен жолығу мүмкін болмағандықтан өз бетімізше тексеруге барып көрген едік. Нәтижесі осындай болып шықты.
Мүгедектердің арбасын арқалайтын құрылғы сынып қалған. Оның қолданбағынына да біраз уақыт болған секілді. Тістерін тот басып, аралары мүлдем май көрмеген. Тұрғындардың сөзінше дәл осы жер үсті өткелі арқылы арбаға таңылған азаматтардың түсіп-шыққанын көрмеген екен. Жарымжандардың жолдың қарсы бетіне қалай өтіп жүргендері белгісіз.
Жан айқайын шаһар басшысына жеткізген алматылық талай рет аудан әкімдігінен құрылғының бәрі жарамды дегенді естіген. Ал, мүгедектердің халін ескермеген басшылар бүгін Сағынтаевтың қатаң сынына ұшырап қалды.
Әкім мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған барлық нысанды тексеріп, бәрінің қолжетімді болуын тапсырды. Тіпті жарымжан жандарды жандарыңа алып, барлық нысанды аралып шығыңдар деді. Ал, әлеуметтік желіге жазған арыз-шағымға ат үсті қарамай әр мәселеге жеке-жеке үңілуді тапсырды. Бұл тек аудан басшыларына ғана емес барлық басқарма жетекшілеріне тікелей қатысты. Айта кетейін, Алматы қаласында 43 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан тұрып жатыр.
Өмір Әнуарбек Үмбетәлі Меймеш Қанат Кигізбаев «Алматы» телеарнасы