Көшенің қақ ортасында шашымнан сүйреп, аямай сабады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған алматылық әйел басынан өткен оқиғаны айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Есімін жария етпеуді сұраған әйел - Алматының жергілікті тұрғыны. Кішігірім үйде тұрады. 3 қызы бар. Үлкені кәмелет жасынан асқан. Солардың және өзінің абыройын ойлаған келіншек түрін көрсетпеуді сұрады. Бір жағынан, қорқынышы да бар. Себебі осы күнге дейін бір шаңырақ астында тұрған ер адамы оған білгенін істеп келген. Қазір ол бөлек өмір сүргенімен, есті алатын кездері болады екен.
– Кеше ғана ол маған қол көтерді. Кенжемді балабақшаға апарып, қайтып келе жатқанмын. Ол артымнан аңдып жүріп, көзден таса жерге келгенде итеріп жіберді. Құлатқан соң, көшенің қақ ортасында шашымнан сүйреп, аямай сабады. Бар дауыспен айқалап, көмек сұрадым. Ешкім мән бермеді. Қайта бір қыз келіп арашалап қалды. Полицияға хабарласты, - дейді жәбірленуші.
Келіншектің айтуынша, қоқан-лоқы көрсетіп жүрген адам оның заңды күйеуі емес. Тек бірге тұрдық дейді. Оның айтуынша, сол кездерде талай ұрған. Шыдамы сарқылғанда әйел арызданыпты, алайда кейін өзі кешірім беріпті. Бірақ одан жақсарған жағдай жоқ. Тек ушығып бара жатқан көрінеді.
– Күтпеген сәтте келіп, кіріп келеді. Тыр жалаңаш шешініп алып, қыздарымның алдында жүре береді. Қыздар ес білді деп ойламайды. Тыныш кеткен кезі жоқ. Денемде соққының ізі қалмас үшін әдейі ішімнен ұрады. Жұмыс орныма келіп, мазамды қашырады. Мен қорқамын, - дейді жәбірленуші.
Ал полицейлер тиісті шара қабылданып жатқанын айтты. Олардың айтуынша, келіншектің кеше ғана берген арызы бойынша 4 іс анықталды.
– Аталған дерек бойынша құқық бұзушыны іздеп-табу әрекеті қолға алынды. Оның тұрғылықты мекенжайына хабарлама жолданды. Өзі келмесе, сырттай әкімшілік іс қозғалып, бөлімшеге күшпен жеткізіледі. Қажетті материалдар дайындалып, сотқа жолданады, - дейді Медеу аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Ернар Әйтенов.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты көбіне әкімшілік іс қозғалады. Қылмыстық әрекет ретінде қарау үшін көзге түсетін айғақтар керек және сараптамамен расталуы қажет екен. Құзырлы орган дерегінше, жыл басынан бері Алматының өзінде тұрмыстағы құқықбұзушылық бойынша 6 мыңнан астам адам арызданған. Оның ішінде әйелден бөлек, еркектер де бар. Тәртіп сақшылары бұл заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында рейд жұмыстары күшейтілгенін айтты.
Оразай Нұртайұлы, Рашиддин Якупов, "Алматы" телеарнасы.
Оқи отырыңыз: Экс-министр Бишімбаев қайта түрмеге отыруы мүмкін