Елімізде нашақорлыққа тәуелді науқас саны көбейіп келеді

27.06.2023 00:15

Былтыр елімізде 6 сауықтыру бөлімі жұмысын бастаған

aptamedia.kz

Елімізде нашақорлыққа тәуелді науқас саны көбейіп келеді. Әсіресе, психобелсенді синтетикалық есірткі заттарына құмар жандардың көрсеткіші көңіл көншітпейді. Бұл туралы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мамандары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аты-жөнін жасырып, бет-жүзін көрсетпеуді сұраған азаматты 19 жасынан бастап есірткі дейтін есер зат еліткен. Алғашында жеңіл түрін қабылдағанымен, уақыт өткен сайын қажеттілігі артып, ең ауыр түріне дейін жеткен. Қазір Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында ем-дом алып жатыр. Алайда дертінен әлі толық айыға қоймаған.

– Осында келіп емделеміз. Шыққан соң қоямыз да, қайтадан бастап кетеміз. Ойыңнан кетпейді. Түсіңе кіреді. Сол үшін қайтадан бастамау керек. Бір бастасаң, болды, бас тарта алмайсың, – деді қала тұрғыны.

4 баласы бар әке есірткі қабылдаудан шаршап, нашақорлықтан арылатын күнді аңсайтынын жасырмады. «Перзенттерімнің болашағы үшін әке ретінде мен де алаңдаймын» дейді.

– Балаларым өсіп келе жатыр. Әкесі нашақор деп біреулер айтса, маған ол өте қатты әсер етеді. Сол үшін қойғым келеді. Пайдаланғым келмейді, шынымды айтсам, шаршап кеттім, – деді қала тұрғыны.

Орталық мамандарының айтуынша, бүгінде емделуге өз еркімен келушілер көп. Мұнда күніне 20-ға жуық науқас түседі екен. Түрлі жағдаймен келгендердің жай-күйін тұрақты етіп, ауруханадан шығарады.

– Статистика бойынша нашақорлықпен динамикалық бақылауда тұратын ерлердің саны әйелдерге қарағанда әжептәуір көп, олардың саны шамамен 16 мыңға жуық. 1500 әйел бар, – деді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нәби Есімов.

Қазіргі күні Денсаулық сақтау министрлігі есірткіге тәуелділерге психологиялық және наркологиялық проблемалар бойынша кәсіби кеңес беретін мамандар даярлауға грант бөле бастаған. Ресми статистикаға сүйенсек, 2016 жылы елімізде жылына 30 психиатр, нарколог маманы білім алса, бүгінде 152 резидент осы бағыт бойынша дәріс алады. Сонымен қатар былтыр елімізде 6 сауықтыру бөлімі жұмысын бастаған. Ал жыл соңында тағы 13 аймақта осындай мекеме салынған. Бәрінің мақсаты – бір.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы