Мейірім мекені: Алматыда көпбалалы әрі жағдайы төмен 50 отбасыға тегін пәтер берілді

21.12.2021 00:34

Олар аталған баспанада 5 жыл бойы тегін тұра алады

Almaty.tv

Алматыда «Мейірім мекені» үйі ашылды. Бұл – қаладағы көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатында іске асқан жоба. Соның нәтижесінде 50 отбасы 5 жыл бойына тегін пәтерде тұруға мүмкіндік алды. Ондағы коммуналдық шығын мен жалдамалы пәтер ақысын кәсіпкерлер өз мойындарына алған. Осылайша, әлеуметтік санаттағы жанұяларға жағдайын тұрақтап, болашақта өз баспаналарына ақша жинауға мүмкіндік туып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

          

Бүгін – Майрамгүл Палманованың төбесі көкке жеткен күн. Бұған дейін пәтерден пәтерге көшіп, көрінгеннің босағасын жағалап жүрген көпбалалы отбасы су жаңа үйге қоныстанды. Жолдасы денсаулығына байланысты дүние салған. Өзі жалдамалы жұмыста жүр. Алған айлығы шайлығынан аспайтын Майрамгүл үшін бұл – аса қуанышты жаңалық.

«Өте қуаныштымын. Осы жобаға шақырғаны үшін Ерғали ағаға көп рахмет айтқым келеді. Қанша армандасақ та, бұл арманыма жетемін деп ойламадым. Балаларым үшін қуаныштымын», – дейді көпбалалы ана Майрамгүл Палманова.

Бәрінен бұрын 4 баласының көңілі шат-шадыман. Енді сабақтарын жылы, жарық әрі жайлы жерде оқимыз деп мәз-мейрам.

50 отбасыға арналған екі қабатты жатақхананың құрылысы 3 жыл жүргізілген. Әлеуметтік жоба толықтай кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асқан. Олар тек үй салып берумен ғана шектелмей, алдағы уақытта азық-түлік пен киім-кешек тұрғысынан да көмектесетінін айтады.

«Әкем үйсіз-күйсіз жүрген жандарды бұрын үйімізге әкеліп бағатын, біреулерден сондай отбасылар екен десе, соларды үйге әкеліп, көмектесетін. Менің әкем – соғыс ардагері. Біз де мұқтаж жандарға көмек беруді жөн көрдік. Ол бізге бұрыннан қанымызға сіңген қасиет, ата-бабаларымыз әрдайым жұртқа қамқор болған екен», – деді қала тұрғыны Мәриаш Серікбайқызы.

Имамдардың айтуынша, жатақханада балалар мен жасөспірімдерге арналған діни сауатын ашатын арнайы сабақтар да ұйымдастырылады.   

«Бұл үй толықтай олардың меншігіне өткізіліп берілмейді. 5 жылға келісімшартқа отырғызылады. 5 жылда өздері жағдайын жасап, бүгін 15-тегі баласы ертең 20-ға толғанда, көлігін алып, қамданып болғаннан кейін, бұл үйлерді тапсыры керек болады», – деді ҚМДБ қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Нұрбек Әуесханұлы.  

Бүгін арнайы комиссия қарауынан өткен 6 отбасыға пәтер кілті табысталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асып жүрген мұндай игі бастамаларға әр кез мұрындық болып келеді. Бүгінге дейін республика бойынша 506 отбасы қоныс тойын тойлаған. 

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы