Петропавлдың Есіл өзені жағалауында тұратын тұрғындар дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елена Галенконың үйі Есіл өзені жанындағы жартастан бір-ақ метр қашықтықта орналасқан. Зейнеткер қолдан келгенше баспанасын аман алып қалуға тырысып әлек. Көршілері де дабыл қағып, бірнеше мәрте жауаптыларға мұң-мұқтажын жеткізген. Алайда олардың тарапынан ешқандай әрекет жоқ деп налып отыр.
– Көктем келсе, қорқамын. Қар көп. Бәрі еріп, су тасқыны болса, үйіммен бірге мен де Есілге ағып кетуім мүмкін. Ал жергілікті әкімдіктен ешқандай көмек жоқ, – деді қала тұрғыны Елена Галенко.
Зейнеткердің баспанасы 2017 жылы апатты деп танылған. Сол жылы комиссия келіп, тұрғынды үй кезегіне қойған. Алайда Елена Галенконың айтуынша, 105-кезекте тұр. Үйім қауіпті аймақта деп дабыл қаққандардың арасында Николай Киселев те бар. Оның баспанасы жартастан алшақтау орналасқан. Бірақ тұрғын келер қауіптің сейілмегенін айтты.
– Ағаштарды тіреп, үйімізді аман ұстап отырмыз. Онсыз болмайды. Шеттегі үйлерге төніп тұрған қауіп тіпті жоғары. Бізде ешкімнің шаруасы жоқ, сол қынжылтады, – деді қала тұрғыны Николай Киселев.
Николай Кисилевтің айтуынша, топырақ біртіндеп шөгіп барады. Зейнеткер коммуналдық қызмет көрсетушілер 1986 жылдан бері қаланың сарқынды суын Есілге ағызады деп отыр. Ал жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар екенін және оны біржақты етуге тырысып жатқанын айтты.
– Мамандар бұл аумаққа тексеру жүргізді. Жұмысқа қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайындау мәселесі қарастырылып жатыр. Ол дайын болған соң, қаржы бөлінсе, нығайту жұмыстары жүргізіледі, – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтұлова.
Тұрғындардың айтуынша, қауіпті аймақта қазір 30-ға жуық үй бар. Жанын шүберекке түйіп, күн көріп отырған азаматтар мәселенің тездетіп шешілуін талап етуде.
Гүлмарал Изатқызы, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан
Оқи отырыңыз: Берекесіз «Береке»: Қараңғыда сусыз отырған ауыл тұрғындары батпаққа батып қалды