Мемлекеттік тілдегі балалар контентінің жағдайы мүшкіл

11.04.2023 20:31

Бүлдіршіндер әлеуметтік платформадан өзге тілдегі мультфильмдерді тамашалауға мәжбүр

foto-ram.ru

Тілі балдыр-батпақ, сөзі шатпақ ұрпақ өсіп келеді. Қазір баламның тілі ана тілінде шықпады деп налитын отбасы көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұған әсер ететін фактор да аз емес.

Бес жасар Зере ана тілін білмейді, ал өзге тілде сайрайды.

«Біз үйде отбасымызбен орыс, ағылшын тілінде емес, қазақ тілінде сөйлесеміз. Бірақ қызымыз таза орыс не таза ағылшын тілінде сөйлейді. Орыс балабақшасына барады, себебі қазаққы ортада өте қиын болды», – деді анасы Меруерт Ерлікова

«Тәрбие тал бесіктен» емес қазір, гаджеттен. 24 сағат бүлдіршіннің қолынан түспейтін құрал – мәселенің басты себебі. Дамыған елдер балаларға ана тілінде сапалы контент жасауда аянбайды. АҚШ бүлдіршіндерге танымдық бағытта өнім дайындаса, Жапония кішкентай көрермендерін бабалар жолымен тәрбиелейді. Күншығыс елі баланы жастайынан патриот болуға үндейді.

«Қызым санды, түсті, жануардың атын тек орыс, ағылшын тілінде айтады. Теледидардан «Аnimal», «Даша» сынды мультфильмді ағылшын тілінде көреді», – деді анасы Меруерт Ерлікова

Мемлекеттік тілдегі балалар контентінің жағдай мүшкіл. Бүлдіршіндер әлеуметтік платформадан өзге тілдегі мультфильмдерді тамашалауға мәжбүр. Есесіне, әдепті бала бейәдеп сөздерді естіп, оны күнделікті қолдануды әдетіне айналдырған.

«Егер майдан алаңы you tube болса, оған қарсы соғыс ашуымыз керек, шабуыл жасауымыз керек. Әрине, бізде қарсы тұратын мамандар да, адамдар да бар,  Барлығы қаржыға байланысты шешіледі. Сол қаржыны адал, жанашыр, қолынан іс келетін кісілерге бөліп берсін. Біз 1-2 жылда үлкен контент жасай аламыз», – деді жазушы Бейбіт Сарыбай.

Қазір кітап оқып, қолына балалар журналын алған жеткіншекті көрмейсіз. Демек, қазақ балалар әдебиеті де кенжелеп қалды. Бірақ жазушы бұл оймен келіспейді.

«Құрғақ шөппен ауыз сүрте алмаймыз. Жоқ деп байбалам сала алмаймыз. Іздеген адам болса, бағамдап жүрген болса, балалар әдебиеті бар және жазылып жатыр. «Балдырған», «Айгөлек» журналы шығып жатыр, өсе келе «Ұлан» газетін оқуына болады. Бұл мәселеге ата-ана салғырт қарайды, басылымға жазылмайды», – деді жазушы Бейбіт Сарыбай.

Тәрбие өзіңізден басталады. Бала өз тілін құрметтеп, өзге тілдің бәрін білсе, несі айып? Бастысы, ана тілін сүйетін, білмейтіндер үшін күйетін патриоттарды тәрбиелеу – баршаға міндет.

Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы