Негізгі пәндер дәстүрлі форматта оқытылса, информатика, еңбек, музыкадан сабақтар онлайн түрде өтеді
Алматыда мектеп жасындағы балалар арасында індет жұқтыру деңгейі тәулігіне 160-тан 110-ға дейін төмендеді. Жастар арасында «дельта» штаммын жұқтыру фактілері де көбейіп жатыр. Осылай деген қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа оқу жылында мектептердегі эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда болатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол үшін алматылық білім ордалары толықтай «Ashyq» жүйесіне қосылды. Сондай-ақ мектептерде мерекелік жиындар мен бұқаралық іс-шараларға тыйым салынған. Білім ошақтары үнемі дезинфекцияланып отыруы керек. Қойылған талаптардың орындалуын арнайы мониторинг топтар тексеретін болады.
«Білім басқармасымен бірігіп, мектептердің дайындығын қарап шығып отырмыз. Қазір біздің мектептердің санитариялық талаптарға сәйкес 100% дайын екенін айтуға болады. Бұл мәселені біз күнделікті қарап отырмыз», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.
Жаңа оқу жылында 287 мектепте 300 мыңға жуық оқушы білім алмақ. Баланы мектепке жіберу-жібермеуді ата-ананың өзі шешеді. Яғни оқушылар дәстүрлі немесе онлайн форматта білім ала алады. Ал оқушылардың қауіпсіздігі үшін бірнеше кешенді шаралар қабылданды. Атап айтқанда, негізгі пәндер дәстүрлі форматта оқытылса, информатика, еңбек, музыкадан сабақтар онлайн түрде өтеді. Онымен қоса, Алматыдағы білім беру ұйымдарының 34 мыңнан астам қызметкері вакцина алған.
«Офлайн оқыту кезінде оқу сыныптарындағы оқушылар саны 25-тен аспайтын болады. Осылайша біз дәстүрлі оқыту форматына біртіндеп көшуді қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты оқу үрдісін ұйымдастыру мәслелері бойынша мұғалімдер мен ата-аналар арасында қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деді Қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Ал, Жандарбек Бекшин қаладағы эпидахуалдың әлі де күрделі екенін айтады. Соңғы 4 аптада 39 мыңнан астам алматылықтан коронавирус анықталған. Сондай-ақ, індеттің симптомды түрімен ауыратындар көбейген. Науқастардың 95 пайызында COVID-19-дың белгілері бар. Ал жағдайдың ушығуына қала тұрғындарының қоғамдық орындарда карантин талаптарын сақтамауы себеп.
«Ең көп тіркеліп жатқан 20-39 жас аралығындағы азаматтар. Бүгін біз оқушылар туралы мәлімет беріп жатырмыз. Бірақ, жалпы осы аурушаңдықтың ішінде біздің оқушылардың саны 9,1 пайызды құрайды», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.
Айта кетейін, Алматы халқының ұжымдық иммунитеті бүгінде 42 пайызға жетті. Ал мамандардың айтуынша, қалада инфекцияның таралуын тоқтату үшін бұл көрсеткіш 70 пайыз болуы керек.
Сымбат Ноғай, «Алматы» телеарнасы