Бір ғана Қарасай ауданының өзінде шет мемлекеттің 50 азаматы Қазақстан заңнамасын бұзған
Алматы облысында «Мигрант» ауқымды республикалық жедел-профилактикалық іс шарасы басталды. Бірінші күннің өзінде Жетісу тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзудың 160-тан астам фактісін анықтаған. Ал бір ғана Қарасай ауданының өзінде шет мемлекеттің 50 азаматы Қазақстан заңнамасын бұзған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алдымен рейд жұмыстары Алтын Орда базарынан басталды. Алматы облысы полиция қызметкерлері мұнда заңсыз құжатпен жүрген босқындарға ескерту жасап, әкімшілік хаттама толтырды.
«Қарасай ауданы бойынша жедел мигрант іздестіру жұмыстары жүргізіліп, бірінші күнде-ақ 50 шет мемлекеттің азаматтары Қазақстан заңнамасын бұзғаны үшін ұсталып, оларға қатысты ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 517-бабының 4-5-тармақтары бойынша іс-құжат жиналып, әкімшілік сотқа заңды шешім қабылдауға жолданды», - деді Қарасай аудандық полиция басқармасы Көші-қон бөлімінің аға инспекторы Ахмет Әбішев.
Сондай-ақ заң талаптарын өрескел бұзған 112 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Заңсыз құжатпен елде емін-еркін жүрген мигранттардың саны бақылау күшейтілсе де азаймай тұр. Сонымен қатар, олар көбінесе базарлар мен сауда орталықтарында қызмет етеді. Көбі дерлік Өзбекстан Республикасының азаматтары.
«Көбіне көп жеке шаруаға, үй жұмысына рұқсат қағазын алады да, Алтын Орда базарына келіп, арба сүйреумен, сауда-саттықпен айналысады. Ондай жұмыстар бізде заңда көрсетілмеген», - деді Қарасай аудандық полиция басқармасы көші-қон бөлімінің аға инспекторы Әкім Ниязов.
Қазақстан аумағына жұмыспен келген шетел азаматтарының құжаттары заңға сәйкес келмегендіктен, олар енді өз еліне қайтуға мәжбүр.
«Қазақстанға жұмыс істеуге келгенмін. Енді ауылға, Өзбекстанға қайтамыз. - Келгеніме 4 ай болды. Жүк тасушы болдым», - дейді Өзбекстан азаматы Бабурбек Телянов.
«Мигрант» жедел-профилактикалық шарасы 10 наурыздан 17 наурызға дейін жүргізілмек. Негізгі мақсаты – қала аумағында заңсыз жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларды анықтау.
Қасымхан Талғатұлы, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы