Зейнетақы қорындағы қаржыны алу үшін әйелдердің салымы ерлердікінен 1,5 есе көп болуы керек

Зейнетақы қорындағы қаржыны алу үшін әйелдердің салымы ерлердікінен 1,5 есе көп болуы керек
Аталған мәселе бүгін Сенат қабырғасында талқыланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Баспананың алғашқы жарнасы мен білім алуға зейнетақы қорындағы қаржыны алу үшін әйелдердің салымдары ер адамдардікінен бір жарым есе көп болуы тиіс. Мысалы, 30 жастағы ер азаматқа қажетті зейнетақы сомасы - 6,7 млн теңгені құраса, нәзік жандылардың шотында 9,5 миллион теңге болуы қажет. Аталған мәселе бүгін Сенат қабырғасында талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Зейнетақы шотындағы қаржының белгілі бір бөлігін баспана мен тәлім алуға жұмсау тәжірибесі Сингапурда 60 жылдардан бері бар. Бүгінде ондағы модель әлем бойынша үздік саналады. Бірақ бұл тәжірибені дәл бүгін қазақстандық жинақтау зейнетақы жүйесіне қалыптастырып, енгізе салу мүмкін емес, дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. Біржан Нұрымбетов екі елдегі жағдай жер мен көктей деп отыр.

«Сингапурда жинақтаушы қорына  жұмыс беруші мен жұмысшы бірге қосылып, 37 процент аударады. Бізде елімізде 10 процент аударылады. Екінші Сингапурдағы жалақы мөлшері өте көп бізге қарағанда. Біздің теңгемен шаққанда орташа жалақы 1 миллион 330 мың теңге құрайды. Біздің елде 181 мың теңге», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Қазақстанның зейнетақы жүйесінде өзге де олқылықтар бар. Мәселен, бүгін еліміздегі 100 мыңға тарта кәсіпорынның зейнетақы жарнасы бойынша 2,7 миллиард теңге борышы бар.

«Қажетті сомаға деген талап әр адамның жасына байланысты болуы керек. 30 жаста болсын, 20 жаста болсын. Мысалы, 30 жаста 6 миллион 700 мыңдай ер адамда болса есеп бойынша ол ақша жеткілікті. Кейін өмір бойы ең аз дегенде төменгі зейнетақы мөлшерінде алып отыруға және де 63 жасқа дейін. Мысалы 33 жылдай оның тағы да мүмкіндігі бар толықтыруға. Сондықтан қазіргі күнге ол кісіге 6,7 миллион теңгеден асса, ала алады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Анықталғаны, өзінің зейнетақы қорындағы қаржысын тек 113 мың адам пайдалана алады. Себебі олардың шоттарында 1,5 триллион теңге бар. Осы орайда Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Худайбергеновтың бүгін жұмыс тобынан шығып кеткенін атап өткен жөн. Ол өзінің фейсбуктегі парақшасына шенеуніктер біліксіз шешім шығарғанын, сол себептен жұмыс тобынан шыққанын жариялады. Айтуынша, зейнетақы қорындағы жинағын тек бір пайызға жуық салымшыға пайдалануға рұқсат беру ұсынылған. Ал олардың басым бөлігінде өзінің баспанасы мен мүліктері бар, демек зейнетақы реформасы ештеңені шешпейді, -деп атап өтті өзінің фэйсбуктегі парақшасында Олжас Худайбергенов. Қайткенмен де бірыңғай ұлттық зейнетақы қорынан қаржыны алудың нақты механизмдері әлі жетілдірілген жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тағы екі ай жұмыс істейтін болады. Десе де, білім министрлігі өз ұсыныстарын жасауда.

«Өзінің немесе баласының оқуын зейнетақы қорындағы жинағымен төлеу үшін қазақстандықтар, ең алдымен банкке барып, білім беру несиесін рәсімдеуі қажет. Барлық құжаттарды жинауы тиіс. Бұл оқудың құны мен зейнетақы шотынан көшірмесі. Банк кредиттік желіні ашады. Соған Бірыңғай ұлттық зейнетақы қоры ақша аударады», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл АСЫЛОВА.

Ұсынылып отырған механизм бойынша білім беру несиелері 2 пайызбен берілмек. Вице-министрдің сөзінше, бұған дейін тиісті бағдарлама да әзірленген. Алайда ол тиімсіз, себебі 20 пайыздық мөлшерлемемен беріліп келеді.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан

Новости партнеров