|
05.11.2019 | 12:19
9012

Нұр-Сұлтанда жаңадан салынған 25 қабатты үйдің сырты түсіп, балконы құлағалы тұр

кімдік резервінен жобалық техникалық құжаттаманы ресімдеуге 23 млн теңге бөлінді

Нұр-Сұлтанда жаңадан салынған 25 қабатты үйдің сырты түсіп, балконы құлағалы тұр

Сапасыз салынған үйдің тұрғындары бүгінде алаңсыз ұйықтаудан қалды. Бірнеше жылдан бері талай табалдырықты тоздырған олардың енді Президенттен көмек сұраудан басқа амалы қалған жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Орбита» тұрғын үй кешенінің қазіргі келбеті осындай, аянышты күйде. Қатты жел күндері сыртқы қаптамалары ұшып жақын маңдағы көліктерге зақым келтірген. Қауіп тудырған үйдің тұрғындары осы жердегі балабақша мен мектеп балаларына құрылыс материалы құлап, опат қыла ма деп қорқатындарын айтады.  

«Бұл баспананы өзі әрең сатып алғам. Әлі күнге басыма бәле боп жүр. Міне, бір жыл болды, балконы қисайып барады. Қабырғалары қақырап кетті. Қыстан қалай шығамыз, білмеймін. Өйткені терезенің маңындағы темірлер шіріп жатыр. Бір күні 15-қабаттан құлап кетеміз бе деген қауіппен өмір сүріп жатырмыз», – деді Сара ІЛИЯСОВА.

«Үйдің құрылысы басталғанда мұнара крандарын орнатты. Оларды үйге бекітті. Содан кейін мына Тәуелсіздік көшесі жағындағы монолит плиталар жарыла бастады. Бұл келеңсіздікті жою керек. Өйткені, жоғары қабаттары былайша айтқанда, ілініп әрең тұр», – деді тұрғын Жүсіп ХАСЕНОВ.

Тұрғындардың осында көшіп келгеніне жеті жыл уақыт өтіпті. Алайда белгілі болғандай, үй толық пайдалануға берілмеген екен. Ғимаратты «Тамыз инвест групп» құрылыс компаниясы көптеген кемшіліктермен салған. Бүгінгі таңда компания басшылары темір тордың ар жағында отыр. Ал, тұрғындар болса, пәтерлеріне меншік құқығын әлі ала алмай жүр. Қолдарында бар құжат – үлескерлік қатысу келісімшарты ғана.

«Құжаттар жоқ, себебі олар меншік иесі емес, тек үлескерлер. Бұл машақаты көп нысан 2008 жылдан бері қаралу үстінде. Әлі күнге ештеңе шешілген жоқ. Жергілікті атқарушы органдар өзінің барлық міндеттемелерін үлескерлердің өздеріне аударады. Менің мүмкіндікті пайдаланып, сізге, біздің еліміздің Президенті, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан осы мәселені өзінің жеке бақылауына алуды сұраймын. Біз енді кімге жүгінетінімізді білмейміз», – деді «Орбита» ТҚК төрағасы Наиль ИСЕНАМАНОВ.

Ал, елорда әкімдігі тұрғындарды көшіруге еш негіз жоқ деп отыр. Өйткені бірнеше жылдан бері адамдар тұрып жатыр дегенді алға тартуда. Қазіргі уақытта қазына қаржысына сыртқы қасбетін қайта жөндеу мәселесі қаралып жатыр.

«Әкімдік жұмысының аясында үлескерлердің проблемаларын шешу бойынша іс-шаралар жоспары бар. Оның аясында құрылысты күшейту, қасбетті ауыстыру жоспарлануда. Бүгінде әкімдік техникалық зерттеуге тапсырыс берді. Ол осы аптада аяқталады, сол жұмыс барлық кемшіліктерді көрсетеді. Әкімдік резервінен жобалық техникалық құжаттаманы ресімдеуге 23 млн теңге бөлінді», – деді Нұр-Сұлтан қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет ДОСҚҰЛОВ.

Жергілікті әкімдік мәселені шешу жұмыстарын толық аяқтағанша, тұрғындарға үреймен өмір сүре тұруларына тура келеді. Алайда қосымша жұмыстар көпшіліктің үрейін сейілте ме жоқпа ол уақыт еншісінде болмақ.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир