Талғар ауданы Бесағаш ауылында түйіні тарқамаған мәселе көп. Бірнеше жылдан бері ауыл тұрғындары сапалы ауыз суға жете алмай әлек. Жеке сектордағы үйлерді жарықпен қамтып отырған трансформатордың да тозығы жеткен. Көпшілік «қала іргесінде тұрсақ та, өркениеттен жұрдаймыз» деп өкпелі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл Бесағаш ауылына қарасты «Тюльпан» саяжай кооперативі. Тұрғындар күнделікті пайдаланатын ауыз суды сатып ішеді. Себеп – ауыл арасына ешқандай су құбыры тартылмаған. Шамасы келгендер қаладағы тұрғын үй кешендерінен тіршілік нәрін бөшкеге құйып, көлікпен әкеледі. Қалғандары апта сайын ауылға су тасымалдайтын көлікті шақыруға мәжбүр.
«Құрттаған су ішіп отырмыз. Жиіркенесің, іше алмайсың. Ауырып та қалдық», – деді «Тюльпан» саяжай кооперативінің тұрғыны Руслан Орынбаев.
Ал ауыл балалары Думан ықшамауданында орналасқан мектепке барып оқиды екен. Көпшілік балалар үйге келгенше жанын шүберекке түйіп отыратынын айтты. Себебі, көше бойында жарық жоқ.
Саяжайды жарықпен қамтып отырған жалғыз трансформатор. Оның өзі тозған. Оған жақындаудың өзі аса қауіпті. Себебі, тоқ ашық-шашық жатыр. Саяжайдағы электр энергиясына жекеменшік компаия жауапты. Әкімдік балансына өтпеген. Салдарынан, мұндағы жұрт тарифты қымбат төлеп отыр әрі жарық жиі өшетін көрінеді.
Тұрғындар мәселені көтеріп, Бесағаш ауылдық әкімдігіне талай барған. Мәселе құжатты өзгертумен ғана шешілетін көрінеді. Яғни, саяжай кооперативіне ауыл статусы берілсе ғана коммуналдық қызметтер үшін жергілікті бюджеттен ақша бөлінеді екен.
«Оны ауыстыру бір күнде немесе бір айда шешілмейді. Ол біздің құзырымызға кірмейді. Саяжайдың құжатын өзгертумен Алматы облысы әкімдігі айналасады. Бұл саяжайдың мәселесімен біз бұрыннан таныспыз. Сұрақты облыс төңірегінде де көтердік. Қазір бұл мәселе қарастырып жатырмыз», – деді Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары Әлібек Рамазанов.
Бесағаш ауылы әкімдігінің хабарлауынша, қазір мұнда осындай 17 шағын саяжай кооперативі бар. Онда 10 мыңға жуық тұрғын тұрады.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» теларнасы