Жаңалық ауылынан табылған адам денесі қазір 168-ге жеткен
Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасын арқалаған азаматтардың сүйегі табылды. Арулап көмілмей, аяқ асты болған арыстардың мүрдесі Алматы облысына қарасты Жаңалық ауылынан бұған дейін де бірнеше рет анықталған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аза тұту күнінде шейіт болған азаматтарды еске алу үшін Жаңалықтағы мемориал-кешенге бардық. Боздақтардың рухына Құран бағышталып, олардың есепсіз еңбегі дәріптеліп жатқан тұста ауыл ішінде адам сүйегі табылды деген ақпарат жетті. Қазір қазба жұмысы жүргізіліп жатқан аумақта 2018 жылы 56 адамның денесі табылған. Олар 1 метрден сәл ғана асатын тереңдікте көміліпті. Бүгінде айналасы 2 сағаттың ішінде адам сүйектері табылып отыр.
Біздің көргеніміз – тізе, жауырын мен қабырға сүйегі. Оның өзін көмілді деуге келмейді. Күрек тие салып, жер бетіне шыққан сүйек бөліктерінің адамдікі екені анық. Мұны мамандар да ресми дәлелдеп отыр. Оның үстіне, дәл осы аумақтан бұған дейін бас сүйегі, қолданған заттарымен қосып талай дене қазып алыныпты.
– Үш-төрт домалақ көзілдірік табылды. Мүштік, теріден тігілген мәсі бар. Жай адамдардың заттары емес. Бір-біріне қатып қалған, салмағы 1-2 кг гильза бар. Бәрінің желкесі тесік, – деді Жаңалық ауылының тұрғыны Мұрат Қырғызбайұлы
50-ден аса адамның денесі табылған жерде ресми зерттеу бүгін ғана басталды. Археологтар атылған адамдарды топ-тобымен осы маңға тастағанын болжап отыр.
– Ресей, басқа да посткеңестік мемлекеттерде іздеу-барлау жұмыстары жүргізіледі. Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарын алғаш зерттеп отыр, – деді зерттеу тобының аға ғылыми қызметкері, археолог Бауыржан Бейсетаев.
Әр жылдары табылған сүйектердің сақталу деңгейі де әртүрлі. Қырға көмілген денелер сайдағылармен салыстырғанда, әлдеқайда жақсы сақталған. Мұның бәріне ауа температурасы мен жердің ылғалдылығы әсер ететін көрінеді.
– Үш-төрт күн бұрын осы жерде барлау жасадық. Алматы өзенінің сол жағынан да, оң жағынан да қазылған ор бар. Негізінен, сол шұңқырды пайдаланып сарбаздар оқу-жаттығу өткізді ме екен деп ойлаймыз. Қараймыз деп белгілеп қойған 20 нүкте бар, – деді зерттеу тобының ғылыми қызметкері Руслан Шербаев.
Ауылдан табылған адам денесі қазір 168-ге жеткен. Биылғы зерттеуде бұл қатарға тағы біршама материал қосылады. Өйткені, археологтардың болжамына сенсек, ауыл маңында 2 мыңға жуық репрессия құрбаны жерленуі мүмкін. Ал олардың денесімен қатар табылатын құжаттар мен құнды бұйымдар ел тарихына елеулі үлес қосады.
Мадина Оқас, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Үш жылда тың мәлімет көп: саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы жалғасып жатыр