Елімізде бидайдың элиталық сорты тапшы

02.07.2024 00:18

Бұрын жоғары сұрыпты тұқым 10 мың гектарға себілсе, қазір оның көлемі 5 мыңға да жетпейтін көрінеді

Almaty.tv

Соңғы уақытта Түркістан облысы мен Шымкентте элиталы бидай сортын егу азайған. Бұрын жоғары сұрыпты тұқым 10 мың гектарға себілсе, қазір оның көлемі 5 мыңға да жетпейтін көрінеді. Сұраныс болмаған соң, шаруалар да өз жұмысын тоқтатыпты. Мәселен, бұған дейін оңтүстікте 33 тұқым шаруашылығы болса, қазір өңірде оның саусақпен санарлығы ғана жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір тың игеру жылдарындағыдай мыңдаған гектар жер жыртпай-ақ, аз жерден мол өнім алуға болады. Әлемдік бұл тәжірибе бойынша егістік жердің ең болмағанда 3 пайызына элиталы тұқым себу керек. Бірақ бұл талап бізде сақталмайды. Мәселен Түркістан облысында 250 мың гектар өнім егілетін алқап болса, соның 2-3 мың гектарына ғана жоғары сұрыпты тұқым себіледі екен. Ал, Шымкенттегі көрсеткіш тіпті төмен.

«Бұл - тұқым шаруашылығы жүйесінің өрескел бұзылуы. Бұл жүйе мемлекет тарапынан қаржыландырмайды. Сондықтан біз басқа жобалардың есебінен қаражатты басқа жақтан алып, осы жүйені жүргізіп отырамыз», – деді Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Сыдық Досымбек.

Жыл сайын мыңдаған гектар жерге дән егетін Манасбай Бекбауов өңірдегі тұқым шаруашылығына сенбейді. Оның сөзінше, соңғы уақытта біздегі тұқым дайындаушы қожалықтар тек ақша табудың жолына түскен.

«Соңғы 10 жылда халық өзді-өзі айналысып жатыр. Элиталы ұрық алып егіп жатқандарды көрген жоқпын. Біздің сенімнен кеткен, оларға сенбейміз. Алмаймыз. Қазір осы төңіректе кімнің бидайы жақсы, содан бидай аламыз», – деді шаруа Манасбай Бекбауов.

Элиталы тұқым егу көрсеткішінің төмендегенін сала мамандары да мойындайды. Мәселен тәуелсіздік алғанға дейін Түркістан облысында 30-ға тарта элиталы тұқым өндіруші шаруашылық болса, қазір соның екеуі ғана қалыпты.

«Биыл бюджеттен 600 млн теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар арамшөп пен зиянды организмдерге қарсы қолданылатын препараттар, яғни пестициттер мен гербициттерді қолданғаны үшін сатып алынған дәрілердің 50 пайызы субсидияланады», – деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Піләлов.

Жердің жайын білетін шаруалар тек мемлекеттік қолдаумен мәселе шешіледі дегенге сенбейді. Олар жұмысқа жан бітіру үшін тұқым шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға бақылауды күшейтіп сапалы өнім өндіруді қолға алу қажет дейді.

Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы