Елімізде жылына 350 мың адам құмар ойындардың құрбанына айналады

Елімізде жылына 350 мың адам құмар ойындардың құрбанына айналады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада бас қосқан түрлі саланың өкілдері букмекерлік кеңселердің жұмысын қатаңдату керек дейді. Себебі, азартқа түсіп, ақшасынан айырылғандардың көбі қылмысқа барады. Тіпті, қарызға батқан оқушылардың берешегін ата-аналары төлеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құмар ойындарға тәуелділіктен арылу – нашақорлық пен маскүнемдікке қарағанда әлдеқайда қиындау келеді. Азарттан сауықтыратын «Ренессанс» халықаралық қауымдастығының директоры Сергей Мавлявиев дәл осылай деп отыр. Оның айтуынша, ойынға тәуелділіктен сауығу үшін 2015 жылы Алматыда 266 адам жүгінген екен. Ал 2017 жылы Астанада 46 адам, 2018 жылы Қарағандыда 7 адам мамандандырылған медициналық көмек үшін орталыққа келген.          

«Ем-домға келген адамдар қарызға белшесінен батқандар. Олардың 5 пен 15 миллион теңгеге дейін миллиондаған борышы бар. Пәтерлері, үйлері, көліктері кепілде тұрғандар көмекке жүгінеді», – деді «Ренессанс» халықаралық қауымдастығының директоры Сергей МАВЛЯВИЕВ.

Жанар Мущанова – қарызға белшеден бастқан азаматшалардың бірі. Алайда, ойынға өзі емес, туған ұлы құмар. Айтуынша, бауыр еті баласының борышынан құтылу үшін бір жылдың ішінде барлық тірнектеп жинаған қаражатынан түгел айырылған. Одан өзге, пәтер мен көлігін де сатуға мәжбүр болыпты.

«Оқушы бола тұра, букмекерлік кеңселер неліктен ойынға қатыстырады деп сұрағанымда, «Анашым, мен өзге біреудің жеке куәлігі арқылы ақша тігемін» деп жауап қайтарды. Ұлымды алты ай бойы құмар ойындарға тәуелділіктен емдедік. Алайда, еш нәтиже шықпады. Екінші ұлым сырқат. Оны емдеу үшін үйді сатып, пәтерге ауыстырдым. Қалған ақшасын ем-домға бағыттамақ болдым. Алайда, сол екі миллион теңгені және үйдегі бар алтынды, жалпы 3 миллионды қалай тауып алғанын білмеймін, ойынға жұмсады. Қазір бізден бөлек тұрады», – дейді Жанар МУЩАНОВА.

Ұлынан әбден күдер үзген ана оның болашағы үшін алаңдайтынын айтады. Тіпті, ойын кеңселеріндегі заңбұзушылықтарды айқындайтын бейнелерді көргенде қылмыскерлердің қатарынан ұлын іздейтінін жасырмады. Бұл ретте Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметті келтірсек, соңғы 4 жылда 234 қылмыс тіркеліпті. Олардың 81-і қарақшылық шабуыл, ал 153-і – тонау. Биылдың өзінде 6 қылмыс орын алған екен.

«Қазақстандағы ірі букмекерлік кеңселердің бірінің бір жылдық қаржы айналымы шамамен, 200-250 миллиард теңгені құрайды. Бұл ресми емес мәлімет. Ал құмар ойынды ойнайтындар 350 мың адамға дейін жетеді. Бұл күніне 900 адам», – деді саясаттанушы Талғат ҚАЛИЕВ.

Жиынға қатысқандар мәселені мемлекеттік деңгейде шешу керек екенін айтты. Мысалы, мектеп пен университеттерде құмар ойындардың алдын алу бағдарламаларын енгізу керек. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңселер мен ойын орындарының жарнамаларына шектеу қою қажет.

«Нақты механизм құрастыру керек. Шұғыл ақша беретін орындардың бір-біріне жақын болуы, жарнамалардың көптеп қойылуы, осының бәрі қатты әсер етеді. Елбасы осы жылды бекерден бекер «Жастар жылы» етіп жариялаған жоқ. Жастар, жасөспірімдер қазір ұялы телефондарына кіріп, букмекерлік кеңселер, тігістер жайлы оп-оңай біле алады. Жарнамалар жақын болашақта балаларға арналған каналдарда бола ма деп қорқатын болдық», – деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья ТЕРЕНЧЕНКО. 

Ал ойын бизнесінің өкілдері реттеуді қатаңдату мәселесіне келісетінін айтты. Заңбұзушылыққа жол бергендерді бірден лицензиядан айыру жөн болатынын жеткізді.

«Қатаңдату керек, алайда жіті реттеу қажет. Себебі, тек аталмыш кеңселерге тыйым салып қана қойсақ, олар ақша биржаға қойылатындай етеді де, «брокерлік клубпыз» деп шығады. Бұл онлайн ойындарда да, ойын клубтарда да түрленуі мүмкін. Демек, жабылып қалмау үшін кез келген пішінге алмасып кетуі ықтимал», – дейді Қазақстан ойын бизнесі қауымдастығының атқарушы директоры Гүлмира БЕРГЕНОВА. 

Ал психологтар мен психотерапевтердің пікірі мүлдем басқа. Олар азарт ойындарға арандалмас үшін тәрбиені тал бесіктен бастап беру қажет дейді.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров