Қазыбек Иса: Қазақ тіліне қатысты жаңа заң қабылдауымыз керек

24.07.2021 00:18

Жиында айтылған ұсыныстардың бәрі Парламентке жолданбақ

almaty.tv

«Тіл мен тарих – ұлттың негізгі тірегі». Осылай деген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса қоғам белсенділерімен кездесу өткізіп, алда атқарылуы тиіс жұмыстарға жоспар құрды. «Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді заң енгізуден бастау керек» деген халық қалаулысы қоғам өкілдерінің ұсынысын, талап-тілегін тыңдады. Ендігі айтылғандардың бәрі Парламентке жолданбақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бүгінгі көтерілген тақырып қазақ үшін мәңгілік тақырып. Қазыбек Иса жалпы осы тіл мәселесіне байланысты өзінің ұсыныстарын айтып, хаттарын жолдап жүрген адам. Сондықтан бүгінгі кездесу тиімді. Қазір «Парламенттің қолынан не келеді? Халықтың қолынан не келеді?» деген мәселені талқылап жатырмыз», – деді қоғам белсендісі, саясаттанушы Дос Көшім.

Жиынға тіл жанашырлары мен қоғам белсенділерінен бөлек желтоқсаншылар да қатысқан еді. Билік пен халық жайы талқыға түскен ортада біршама тың идеялар туды. Сондай-ақ, белсенділер арнайы мерекелік төсбелгімен марапатталды.

«Мемлекеттік тіл мәселесі қазір ең басты мәселе болып тұр. Сондықтан мемлекеттік тіл туралы Заң қабылдамай, бұл проблемалар ешқашан шешілмейді. Қазір бұрынғы ескі заң күшін жоятын дәрежеге жетіп тұр. Ол күшін жоймаса да, қазақтың саны бұрынғыдай 39 пайыз емес, 80 пайызды құрайды. Одан кейін халықтың әлеуметтік болмысы, демография-демократиясы артты. Сондықтан жаңа заң қабылдауымыз керек», –  деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.