Тұрғындар өз қаражатына жаңа трансформатор да сатып ала алмайды
Алматы облысының Қоянқұс ауылында 80-нен аса үй жарықсыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
"Бес миллион теңгеге жуық қарызды басымызға ілді" деген ауыл тұрғындарының айтуынша, мәселеге трансформатордың иесінің нұсқауымен ақша жинап жүрген әйел кінәлі. Даудың басы 80-нен аса үйдің электр қуаты жалғанған жекенің қолындағы трансформатордан шыққан. Жарық ақысын осы күнге дейін ауыл тұрғыны жинап, тиісті жерге өткізіп, екі ортада делдал болып келген. Басқа жаққа қоныс аударарында трансформатор иесінің өзі "осы кісіге ақшаны өткізесіздер" деп тапсырып кеткен. Ал ақшаны уақытылы төлеп отырған халық «жоқ жерден пайда болған қарызды неге біз өтейміз» деп наразы.
– Дильбар деген әйел ақша жинайды. Бірақ ешқандай түбіртек берген жоқ. Екі айды төледік. 1 миллион теңгеден асады, – деді Қоянқұс ауылының тұрғыны Тұрсынжан Шерипов.
«Халықтан қаражат алған әйел ақшаны мекемеге толық өткізбей, қалтасына басып келген» деген жұрт мәселені бірінші рет көтеріп отырған жоқ. Осыған дейін де 12 миллион қарыз шығып, кейіннен әркімнен көмек сұрап, біраз бөлігін жапқан көрінеді. "Бәрі түзеледі" деп ант-су ішкен әйел жұртты тағы сан соқтырып отыр.
– Қарызды төлеген соң, электр жарығын қосты. Бүгін 4,5 миллион теңге қарыз жиналды. Кеше әкімдікке барғанда 10 сәуірде жарық өшіретінін айтты. Себебі қарыз толық төленбеген, – деді Қоянқұс ауылының тұрғыны Алан Құмар.
Тиісті орындарға шағымданып жүрген көше тұрғындары әйел тұратын үйдің табалдырығын тоздырған. Бірақ нәтиже жоқ.
Халықтың жарықсыз қалуына кінәлі болып отырған азаматша үйінде жоқ. Дегенмен қақпаға екіқабатты үйді жедел түрде сататынын жазып қойған. Мақсат қашу ма, әлде белшесінен батқан қарызды жабу ма, белгісіз.
Ал жергілікті билік мәселемен таныс. Бұған дейін бірнеше рет іс төңірегінде жиналыс өткен. «Жекеменшік трансформатор үшін жауапты емеспіз» деген әкімдік өкілдері мәселеге араласып, халықты жарықсыз қалдырмайтынын айтып, сендірді.
– Трансформатор иесі «10 сәуірге дейін жауап беремін» деп уәде беріп отыр. Бірақ олар бірін-бірі сотқа беріп, тексеру жүріп жатыр. Өз тарапымыздан АЖК-ға хат жазып, электр жарығын өшірмеуге тырысамыз, – деді Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетхан Жетеуов
Жарықсыз қалудан қорыққан тұрғындар өз қаражатына жаңа трансформатор да сатып ала алмайды. Өйткені қарыз өтелуі тиіс.
Жансая Олжабек, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Жамбылдық диқандар қоқысқа өнімін өткізу үшін ақша төлеуге мәжбүр