Университет әкімшілігінің айтуынша, қараша айында №4 жатақхана ашылады
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің 250-ден астам студенті пәтер жалдап оқуға мәжбүр. Оқу ордасының жатақханасында орын болғанымен, оларды бұрынғы қызметкерлер босатқысы жоқ. 10 жылдан аса университет қабырғасында жұмыс істеген олар, еңбегіміз сіңді, жатақхананы жекешелендіріп аламыз деп білек сыбанып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мен бірінші курс студентімін. Осы Сәтбаев универиситетінде оқимын. Жатақханаға өтінішжазған едім. Бірақ орын жоқ деді. Сол үшін біз пәтер жалдап тұруға мәжбүр болып тұрмын», – деді бірінші курс студенті.
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне оқуға түсіп жатақханаға қол жеткізе алмаған тек бұл студент емес. Жаңа оқу жылында 250 адам пәтер жалдап тұруы мүмкін. Даудың басы №5-ші жатақханада тұрып келе жатқан 50 отбасыдан басталған. Оқу ордасының бұрынғы қызметкерлері қуықтай шаршы метрді босататын түрі жоқ. Ол аз десеңіз, бұрынғы тұрғындар университетке 15 миллион теңгеден астам қарыз екен.
«50-ден астам адам өздерінің отбасыларымен басқа жерде жұмыс істейді. Солардың кесірінен біз өзіміздің 250-ден астам студенттерімізді, бірінші курстарды кіргізе алмай отырмыз. Олардың жұмыс орындары бөлек. Жалақылары бөлек. Яғни біздің бірінші курс студенттерінің стипендиясымен ол кісілердің жалақысын салыстыруға келмейді», – деді Қ. СӘТБАЕВ атындағы ҚазҰТЗУ қызметкерлерді басқару департаментінің директоры Айнұр ИСАЕВА.
Ал біз айтқан №5 жатақхананың әлгі тұрғындары болса, университетке еңбегіміз сіңді, сол себепті пәтерлер бізге тиесілі деп отыр. Қазіргі уақытта оқу ордасымен соттасып жатқан көрінеді.
«Біз дәл қазір оқу орнымен соттасып жатырмыз. Себебі біздің осы жатақхананы жекешелендіріп алғымыз келеді. Өйткені бұл жерде тұрып жатқан халықтың алды 20 жылдан бері тұрып жатыр. Ең азы 10 жыл болған адамдар. Бәрі осында жұмыс істеген, қаншама еңбегі сіңген адамдар», – дейді жатақхана тұрғыны Думан АХАТАЕВ.
Университет әкімшілігінің айтуынша, қараша айында №4 жатақхана ашылады. Алайда 250-ден астам студентті онда сыйдыра алмаймыз деп отыр. Айына 3100 теңге төлеудің орнына студенттер 20 есе артық төлеп, пәтер жағалап жүруге мәжбүр.
Азамат Әуезхан, Рашит Шүкірәлиев, Алматы телеарнасы