Бердібек Сапарбаев екі аяғынан айрылған келіншекке көмектесетін болды

Бердібек Сапарбаев екі аяғынан айрылған келіншекке көмектесетін болды
Жұмыс беруші мекеме қол ұшын созбаған соң, келіншек ең арзан протез алуға мәжбүр болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бердібек Сапарбаев қызмет барысында қызмет барысында екі аяғынан бірдей айрылған мүгедек келіншекке көмектесетін болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бүгін Алматыдағы сапары кезінде Протездік-ортопедиялық орталыққа бас сұқты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Министр ондағы жұмыс барысымен танысып, көмекші құралмен жүруге талпынған жандармен тілдесті. Солардың қатарында ақтөбелік Қарлығаш Айжекунова да бар. Осыдан екі жыл бұрын қызмет барысымен іс-сапарға шыққан келіншек жол апатына түсіп, соның салдарынан екі аяғынан бірдей айрылған болатын. Ең сорақысы, жұмыс беруші мекеме мүгедек боп қалған қызметкеріне қол ұшын созбаған. Олардан еш қайыр болмаған соң арбаға таңылған әйел өзі қаражат жинап, ең арзан протез алуға мәжбүр болыпты.

«Әзірге өз есебімнен протез ала тұруға тура келді. Өйткені қазір өндіріс орнында тексеру жүріп жатыр. Сондықтан, олар маған бір тиын да берген жоқ. Соттасқан да жоқпын, әйтеуір істің соңы сиырқұйымшақтанып кетті», – дейді әйел өз жағдайы жөнінде қысқаша баяндап.  

Жазатайым оқиғаға тап болған келіншектің мәселесін тыңдаған Сапарбаев қарамағындағыларға бірден тапсырма берді. Сондай-ақ, жұмыс беруші мекеменің мәселесін қарайтынын айтып, қамкөңіл жанға көмектесуге уәде берді.

Жалпы бұл орталықта протездің 64 түрі жасалады. Былтыр мекеме мамандары мүгедек жандар мен денсаулығында ақауы барларға арналған 29 мың бұйым әзірлеген. Олардың қатарында жасанды аяқтың сан түрі мен бел-мойынға арналған корсеттер де бар. Сондай-ақ, ортопедиялық аяқ киімдер де осы орталықта дайындалады.

«Біз сапасы шетелдікінен еш кем түспейтін, әртүрлі үлгідегі протездер жасауға дайынбыз. Ол үшін шамамыз да, біліктілігіміз де жетеді. Орталықта протез жасайтын тәжірибесі мол 5 маман бар. Олар осы салада шетелде оқып, арнайы сертификат алып келген. Сондықтан жасанды аяқты қажет еткен отандастарымызды алысқа сабылмай-ақ осында келуге шақырамыз», – дейді «Республикалық протездік-ортопедиялық орталық» АҚ президенті Николай ПЕТРОВ.

Новости партнеров