Онлайн халық санағының аяқталуына бір күн қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда 581 мыңға жуық тұрғын санаққа қашықтан қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі онлайн халық санағы ертең аяқталады. Ал науқаннан виртуалды түрде өтіп үлгермеген тұрғындардан үй-үйді аралап жүрген интервьюерлер сауалнама алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Айта кететіні, осы уақытқа дейін 581 мыңға жуық алматылық санаққа қашықтан қатысуды жөн көріпті. Осы ретте ел қалаулылары мен қоғам қайраткерлері де соңғы бір күнде сауалнама сұрақтарына онлайн жауап беруге шақырады. Еске салсақ, sanaq.gov.kz сайты тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді.  

Қалалық мәслихат депутаттары санаққа қатысқан әрбір азамат еліміздің әлеуметтік дамуына орасан үлес қосады деген пікірде. Олардың айтуынша, есеп жүргізілсе ғана қоғамның барлық саласында жүйе қалыптасады. Себебі жалпыұлттық науқан демографиялық көрсеткіштерді нақтылауға мүмкіндік береді. Қайда және қанша жұмыс орнын құру керек екені, қандай маңызды әлеуметтік нысандарды салу қажеттігін анықтауға көмектеседі дейді олар.

«Халқымыздың не нәрсеге мұқтаж екені, оған қанша жатақхана салыну керек екені, басқа да әлеуметтік орындар ашу қажет екені белгілі болады. Жалпы осындай мәліметтер санақ өту барысында жиналып жатыр. Сондықтан сіздерді, санақтан онлайн түрде өтуге шақырамын, оған әлі де уақыттарыңыз бар», – деді қалалық мәслихаттың депутаты Райхан Бөлекбаева.

Ал шаһардағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері онлайн форматтың тиімділігі көп дейді. Себебі індет жайлаған дәл қазіргі уақытта виртуалды түрде санақтан өту – қауіпсіз, әрі уақытты үнемдейді деп санайды.

«Қазіргі карантин уақытында ертең, бір күннің ішінде бәріміз онлайн арқылы санаққа қатысып үлгергеніміз жақсы деп ойлаймын. Бір күннен кейін бәрі үйді-үйге барып, қағаз-қаламмен жазып, өткізеді. Ол карантин уақытында қиындық тудыруы мүмкін», – деді ҚР ұйғыр республикалық этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Долқынтай Абдухалилұлы.

Айта кетсек, халық санағы елімізде осымен үшінші мәрте өткізілуде. Ең алғаш 1999 жылы жүргізілсе, екінші рет 2009 жылы өтті. Ал 2019 жылы болуы тиіс санақ пандемия салдарынан биыл ерекше түрде  ұйымдастырылды.

Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров