Алматы облысының Нұра ауылындағы аурухана қирауға шақ тұр. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2014 жылы қолданысқа берілген мекеменің қабырғасындағы жарықшақтар екі жыл бұрын байқала бастапты. Ал пациенттер ауруханаға барудан қалдық дейді. Ғимараттың апатты жағдайға жеткенін білген жауаптылар неліктен шара қолданбай келген? Бұл сұрақтың жауабын Almaty.tv тілшісі іздеп көрген еді.
Әлеуметтік желіде желдей ескен видеодағы аурухана Талғар ауданына қарасты Нұра ауылында орналасқан.
Ауылдағы аурухананың жағдайы шынымен жаға ұстатарлық. Қабырғалары қирап құлауға шақ тұр. Ішінде әлдебір жау жүргендей сезіледі. Қазір мұнда ешкім жоқ, қаңырап қалған.
Сөйтсек, аурухана басшылығы қызметкерлерін шұғыл түрде мекеменің бұрынғы ғимаратына көшіріп жатыр екен. Жауаптылар ел шулап, жағдай жұртқа мәлім болғанда ғана әрекет ете бастағанға ұқсайды.
Ал осындағы халық ауруханаға келіп қаралудан қалған. Себебі нысан ішінде ұзақ жүруге қорқады.
«Талғар ауданының әкімі де келді, көрді. Ешқандай шара қолданбайды. Келеді, көреді, кетеді болды. Өзіміз келіп көрінуге қорқамыз. Келе алмаймыз. Бір күні төбемізге құласа, масқара, адам шығыны көп болайын деп тұр. Ішіндегі дәрігерлерге обал»,– дейді Нұра ауылының тұрғыны Лиза Малдыбаева.
7 мыңдай адамға қызмет көрсететін мекеме директоры нысанның апатты жағдайда тұрғаны туралы аудандық Денсаулық басқармасына талай айтылған деп ақталды.
«Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан «Строй-Сервис 97» ЖШС салған. Олар жауапсыз мердігерлер болған ғой. Дабыл қақтық, хат жаздық. Жоғары жаққа жетті. Ары қарай хаттардың қайда кеткенін мен білмеймін. «Ғимарат құлағалы тұр деп бірнеше рет жаздық», – деді Нұра ауылы ауруханасының меңгерушісі Асқарбек Қарнақов.
Ал облыстық Денсаулық басқармасы амбулатория жеке компанияға берілген деп жауапкершілікті сонда сілтеді. Белгілі болғандай, аурухана былтыр мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында 15 жылға «А-Кlass medical» компаниясына өткен. Тек бұл аурухана емес, тағы 30 шақты медициналық мекеме жекенің иелігіне беріліпті.
«А-Кlass medical» компаниясы аурухананы бір жыл бұрын осы жағдайда қабылдаған. Қазіргі таңда толық техникалық аудит жасалды. Осы бір-екі күнде ғимаратқа күрделі жөндеу мен бекіту жұмыстары жүргізіледі», – деді Талғар ауданы орталық ауруханасының директоры Хасен Дәсібеков.
Ғимарат компанияға бертін келе өткен. Түйткіл оған дейін де болған. Облыстық Денсаулық басқармасы мәселені қазбаламауға шақырса, Құрылыс басқармасы мекемені салған мердігердің жауапқа тартылмайтынын айтты. Алайда оны ресми мәлімдеуден бас тартты.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы