Үйде 5 адам, 6 ит,10 мысық тұрады: көршісін түсінбеген Алматы облысының тұрғындары шағымын айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Үй иелері 1997 жылы Қазақстанға көшіп келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Көршіміздің жағдайы көңілімізді алаң қылды» деген Гүлдала ауылының тұрғындары арнамызға хабарласты. Айтуларынша, күл мен қоқыстың астында қалған үйде 5 адам түк сезбей-ақ өмір сүріп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қорқыныштысы да сол, олар өз жағдайын қалыпты деп санайды.

Әуелде тұрғындар айтқанда түсіне қоймап ек, кейіннен ішке кіріп көрдік. Расында, қолқаны қабатын иіс, көруден қорқатын көрініс, аяқ алып жүре алмайтын жалғыз жол. Түгі жоқ деуге келмейді, бәрі бар. Бірақ бәрі керексіз хәлде.

Үйде 5 адамнан бөлек, 6 ит, 10 мысық тұрады. Жағдайы қиын болғасын, бұған дейін көршілері бұл үйдің иесіне көмек қолын талай созған. Көмірін түсіріп, ауласын тазалап, әлі күнге дейін бар тамақты бөлісіп тұрады. Бірақ түзелер деген сайын жағдай ушығып барады. Қазір көше азаматтары кең тыныстап, таза ауа жұтудан қалған.

«Қоқысты сырттан әкеліп, үйіне тасиды. Біреудің ауласын сыпырады да, жинағанының бәрін есік алдына үйе береді. Түсіндіруге тырыстық, нәтиже жоқ», – деді Гүлдала ауылының тұрғыны Гүлмира Жапарова.

«Мына ұлы деген 21 жасқа келді. Кішкентай қыздар. Оның есі жоқ бала ғой. Басқа жерге өткізу керек, қарау керек қой. Кішкентай балалардың артынан жүгірсе, қорқады ғой қыздар», – деді  Гүлдала ауылының тұрғыны Оғлан Разиева.

«Екі балам бар. Көршімнің ауласынан келетін иістен терезе ашудан қалдық. Үйлерінің ішінде дәу иттер бар, түнде сыртқа шығарады. Қауіпсіздігіміз үшін қорқамын», – деді Гүлдала ауылының тұрғыны Андрей Шочнайдер.

Азаматтарды сөзге тарттық. Олар өздерінің бұл жағдайын қалыпты деп санайды. Тек, еңбектерін пайдаланып алып, ақы төлемейтін қожайынның көп екенін айтады.

«Базарда 40 мың, дәмханадан 20 мың теңгедей табыс табамын. Ара-тұра қосымша жұмыстар шығып қалады. Күні-түні жұмыстамын, үйге қарауға мұршам жоқ», – деді үй иесі Александр Ботов.

Үй иелері 1997 жылы Қазақстанға көшіп келген. Бірақ әлі азаматтығы жоқ. Оны жасатуға да ұмтылыс болмапты. Ауыл әкімшілігі жағдайдан хабардар, олар бұған дейін бұл отбасына бірнеше рет материалдық көмек көрсеткендерін айтады.

«Ең кішкентай баласы 2001 жылғы, осы Қазақстанда туған. Балаға осы уақытқа дейін жеке куәлік алынбаған екен. Көмектесеміз, әкімшілік тарапынан қандай да бір көмек керек болса, біз көмектесуге дайынбыз», – деді Гүлдала ауылдық округі әкімінің орынбасары Меруерт Әзілқияшева.

Бұл отбасына ауыл тұрғындары тұрақты түрде керек-жарақ, киіммен көмектеседі. Ал мемлекеттен қандай да бір қолғабыс алу үшін Қазақстанның азаматтығы керек. Ал оған азамттың өзі құжат жинар адамның бары білінбейді.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы







Новости партнеров