Асылдың сынығы, тектінің тұяғы Саят Жансүгіров өмірден озды, деп хабарлайды Almaty.tv.
91 жасында келмеске аттанған азамат бүгінге дейін әкесі Ілияс Жансүгіровтің мұрасын жинаумен айналысты. Үш бәйтеректің бірі саналатын ұлт ұлының ұрпағы тағдыр тауқыметін 8 жасынан тартқан еді.
Қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, жаңғыруы мен дамуына үлес қосқан Алаш арыстарының артында екі-ақ адамның ұлдары аман қалған. Соның бірі – Ілиястың ұлы Саят Жансүгіров. Жыр құлагерінің ұрпағы 8 жасында әкеден, артынша анадан айырылған. Балаң өмірі бал қызықты көрмеді, 13 жасынан еңбекке араласты. Жастық шағынан ән мен күйге құмар болған Саяттың әке жолын қумауына да сол әкенің өз сөзі себеп болыпты.
«Әкемнің тағдырын айту жүрегіме шаншудай қадалады»,деген Саят Ілиясұлы «халық жауының ұлы» деген ресми құжатын бүгінге дейін алып жүрді. Ғылыммен айналысу жолындағы кедергілерге қарамастан, кенші, техника ғылымдарының кандидаты атанды. Мәскеуде білім алып, тау инженері боп қызмет еткен азамат бастысы – тілінің тазалығын сақтап қалғанын абырой санады.
Иә, әкенің ұлт тарихындағы орны ақтаңдақ атаудан арылғанын Саят Жансүгіров көріп кетті. Бүгінгі ұрпақтың Құлагер-жырды жаттап өскеніне куә болды. Тектіден қалған тұяқ үшін бұдан асқан бақыт та жоқ еді...