3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылғаны дұрыс деп санайды қоғамдық ұйым өкілдері
Қазақстанда үй жануарларын қорғайтын тұңғыш жеке Заң жобасы әзірленіп жатыр. Оның аясында жануарларды азаптаған адамды Қылмыстық жазаға тарту ұсынылуда. Бұл көптеген дамыған елдердің тәжірибесінде бар дейді қоғамдық ұйым өкілдері. Аталған мәселе елордада өткен жануарларға ізгілікпен қарауды заңнамалық реттеу жөніндегі конференцияда талқыланды. Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Қоғамдық ұйым өкілдері жаңа норма аясында жануарларды ұстайтын арнайы мемлекеттік орындар ашуды ұсынуда. Бүгінде ел бойынша 30-ға жуық жануарды қорғайтын жеке орын бар. Алайда оларға қазынадан қаражат бөлінбейді. Бұл іске еріксіз еріктілерді жұмылдырып, жануарларға күтім жасатады, халықтан азығына азын-аулақ ақша жинайды.
«Жануарларды қорғайтын жеке Заң керек. Өзгертулер мен толықтырулар қажет емес. Ережелердің өзі Азаматтық кодекс нормаларына қайшы келеді. Жануарларды ұстау орындарын ашу өзекті мәселе болып тұр. Мемлекеттік органдар мемлекеттік приюттар ашу туралы айтқысы келмейді. Өйткені бұл мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалану дегенді алға тартады. Президент өзінің Жолдауында жануарларға жауапкершілікпен қарау керек екенін айтты емес пе?» – деді «INUCOBO» жануарларды қорғау қауымдастығының жетекшісі Лилия Сарсенова.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында ғана қаңғыбас ит-мысықтар 2 ай ұсталады. Өзге өңірлерде 2-3 күннен кейін оларды өлтіріп тастайды екен. Бас қаладағы иттерді уақытша ұстау орнында 800-ден астам ит бар. Иттер ауланған сәттен бастап жаңа иесі табылғанға дейін осында болады. Алайда асырап алушылар аз. Жыл сайын тек 100 шақты ит жаңа қожайын табады.
«Оларды ұзақ уақыт ұстап, күтім жүргізуіне қаражат қарастырылмаған. Бүгінде жануарларды күтіп-бағатын Астана-ветсервис қызметкерлеріне және азықпен қамтамасыз етуге шамамен жыл сайын 8 миллионға теңге бөлінеді. Бұл аздық етеді. Біз бірнеше рет осы мәселе бойынша бағдарлама ұсынған едік. Алайда шешімі жоқ әзірге», – деді қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов .
Сонымен қатар, конференцияда Заң жобасында жануарларды қорлаған адамдарды түрмеге қамау жазасы енгізілуі тиіс деген пікірлер айтылды. Қазіргі норма бойынша жануарды азаптаған азаматқа 30 мыңнан 300 мыңға дейін айыппұл салынады. Бұл тиімсіз, сондықтан қылмыстық жауапкершілікке тартып, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылғаны дұрыс деп санайды қоғамдық ұйым өкілдері.