Бастамаға арнаулы білімі бар, кәсіби мамандар тартылады
Елімізде енді мемлекеттік мекемелер келісімшарт негізінде мамандарды 1 жылға жұмысқа тарта алады. Бірақ олар мемлекеттік қызмет санатына жатпайды. Саладағы жаңашылдықты бүгін Жоғары палата отырысында Мемлекеттік қызмет агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бастамаға арнаулы білімі бар, кәсіби мамандар тартылады. Оларға қатысты ережелер мен тәртіптер тиісті Үкімет қаулысында белгіленеді. Агенттік төрағасының айтуынша, бұл жоба мемлекеттік қызметкерлердің әр өңірге ауысып, жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек. Ол үшін арнайы ротациялық төлем енгізу көзделген.
«Олар мемлекеттік қызметші болып табылмайды. Екіншіден, оларды бір ғана ұлттық жобаға бір жылдық мерзімге ғана аламыз. Бұл – Мемлекет басшысы тапсырмасымен кәсіби секторға тарту үшін жасалып отырған қадам. Себебі қазіргі таңда мемлекеттік органдарда арнайы білімі бар мамандар жетіспейді», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.
Сондай-ақ агенттік төрағасы сенімнен айырылған саяси қызметкерлер жұмыстан босатылатынын айтты. Мемлекеттік қызмет саласында осындай институт енгізу жоспарланған.
«Өзіне жүктелген жауапкершілікке атүсті қараған мамандарға осындай шара қолданылады», – деді Дархан Жазықбаев.
Өз өкілеттігін тиісінше орындамаған саяси лауазымды тұлғаны қызметінен босатуды институт жүзеге асырады. Ал шешімді тек Мемлекет басшысы ғана қабылдайды.