Жақында 4 отбасына денсаулық жағдайын жақсарту үшін 600 мың теңге көлемінде қаржы аударған
Алматыда әлеуметтік саланы дамытуға көп көңіл бөлінеді. Соның бір дәлелі – «Бақытты отбасы» бағдарламасы. Бүгінде бұл орталықтың директоры бір жарым айдың ішінде атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Белгілі болғандай, орталық іске қосылғалы бері 2500-ден астам көпбалалы анаға жәрдем көрсеткен. Қазір 200 шақты бала бассейнге және түрлі курстарға тегін қатысып жүр. Жалпы, күніне орталыққа түрлі сұрақтар бойынша 60 шақты көпбалалы ана жүгінеді екен. Оларға өздері секілді 12 ана көмек көрсетеді.
«Біздің ел әлеуметтік салаға басымдық береді. Осы тұста бірқатар арнайы бағдарламалар бар. Менің ойымша, қазір тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқан қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасының нәтижесі керемет. Тіпті, қазір біраз өзгерістер енгізу туралы өтініштер де түсіп жатыр», – деді «Бақытты отбасы» орталығының директоры Зүлфия БАЙСАҚОВА.
Одан бөлек, игі жақсылардың бастамасымен құрылған «Бақытты отбасы» қайырымдылық қоры Алматыда 2 мыңнан астам тұрмысы төмен және көпбалалы отбасына көмек көрсеткен. Ал жалпы қор іске қосылғалы бері 3 мыңнан астам өтініш келіп түсіпті. Жақында 4 отбасына денсаулық жағдайын жақсарту үшін 600 мың теңге көлемінде қаржы аударған. Сондай-ақ мұнда азық-түлікке, тұрмыс жағдайды түзетуге бағытталған түрлі сертификаттар да беріледі. Оны рәсімдеуге бар болғаны 25 минут уақыт кетеді екен. Кейін арнайы кеңес құрылып, тиісті құжаттар жиналған соң, қаржылай көмек көрсетіледі дейді мамандар.