Алматыда биыл 4 жерасты есірткі зертханасы анықталды. Ал былтыр олардың сегізінің жұмысы әшкереленген. Одан бөлек, есірткі саудасымен айналысатын 237 сайт пен 3 мың граффити табылған. Бұл туралы конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің қатысуымен өткен көшпелі отырыста айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде есірткі заттарының саудасы әсіресе, сайттар арқылы қызып тұр. Көшпелі кездесуде осы мәселе жіті назарға алынды. Өкініштісі, әзірге еліміздің құқық қорғаушылары ғаламтордағы «саудагерлерге» тосқауыл бола алмай отыр.
– Ғаламтор арқылы есірткімен айналысып, Телеграм-каналдар арқылы саудасын қыздырып жүргендер көп. Одан бөлек, граффити, үйлердің қабырғасы, қала көшелеріне жазылған наркотикалық заттардың жарнамасы – қоғамда талқыға түсіп отырған келелі мәселенің бірі. Егер мұндай жағдайларды тұрғындар байқаса, біздің сенім телефонымызға кез келген уақытта хабарласа алады, – деді Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Ерлан Алмағамбетов7
Сенат депутатының айтуынша, қазір курьер болып еңбек етіп жүрген жас көп. Оның кейбірі біле тұра, есірткі тасымалымен айналысады, ал бірі тауардың ішінде не жасырғанынан бейхабар. Бар болғаны, белгіленген мекенжайға жеткізіп тастайды. Осылайша, қылмыстық топтың мүшесі болып шыға келеді.
– Жастардың құқықтық сауаттылығын арттырсақ дейміз. Оқушы, студент, жастар есірткінің не екенін, оны пайдаланғанын, таратқанын немесе басқа да қылмыстардың не екенін білсе, қылмыс азаяды ғой деп ойлаймын, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев.
Нашақорлардың қылмысын жасырып жүрген тәртіп сақшылары да бар. «Есірткі есін кетірді ме, әлде синтетика санасын улады ма, әйтеуір, жергілікті полиция өкілдерінің де заңсыз әрекетін құлақ естіп, көз көріп жүр» дейді жиналғандар.
– Опасыздық жасаған әріптестеріміз болса, бірден оны қызметтен шектетеміз. Осы уақытқа дейін полиция қызметкерлерін де тексеру туралы ұсыныс жасағанбыз. Алдағы уақытта мұны міндетті түрде жүзеге асырамыз, – деді Полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Алмасбеков7
Естеріңізде болса, Алматыда есірткіге қарсы «Наркостоп» жобасы 2021 жылы іске қосылған еді. Граффитидегі суреттерді өшіруден басталған науқан бүгінде бағытын кеңейтіп, синтетикалық тәуелділік мәселесін шешу жолдарын қарастырады. Отырысқа қатысқан жоба жетекшісі нашақорларды емдейтін мекемелердің жоғын тілге тиек етті.
– Қазақстанда есірткіге тәуелді адамдарды емдейтін емхана жоқ. Өкінішке қарай, мемлекеттік наркология нашақорлыққа, есірткіге тәуелді адамдарға қызмет ете алмайды. Қазір бізде жекеменшік оңалту орталығы бар. Онда кім жұмыс істейді, қандай мамандар бар, дипломы бар ма, жоқ па, оны ешкім білмейді, – деді жоба жетекшісі Нұржан Жақыпов.
Жиынға қатысушылар кездесу барысында қарастырылып отырған мәселе бойынша нақты талқылау мен сындарлы пікір алмасты. Комитет төрағасы ұсыныстардың республикалық деңгейде қарастырылатынын айтты.
Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы