Алматыда ақын, ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлының кезекті кітабы жарық көрді. Бұл жолғы туынды – «Оразай» атты тарихи дастан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шығармада өз заманының әділ биі атанған, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Оразай би Қожагелдіұлының өмір жолы өлеңмен жазылған. XX ғасырдағы саяси дүрбелең, қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарындағы тарихи оқиға баяндалады. Тарихи мұрағат материалдарына негізделген кітап 1000 данамен басып шығарылды.
– Бұл – ел аузынан, ақсақалдардың, көзін көрген адамдардың айтқаны ғана емес, сол әңгімелер тарихи құжатпен, дәлелді айғақпен үйлестірілген шығарма. Елге, келер ұрпаққа насихаттау мақсатында Оразай секілді тұлғалардың болмысын айқындау керек болды. Оқырман бағасын береді деп ойлаймын, – деді туынды авторы, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы.
– Мен – ол кісінің тікелей ұрпағы боламын, шөбересімін. Халыққа осыған дейін толыққанды шығарма бере алмай келгенбіз. Қазір қолдан тарих жасайтын қиын жағдайда өмір сүріп жатырмыз ғой. Сондай көңіл толмайтын сәтте Оразайды жиі ойлайтынмын. Бұл – әдеби қорымыз үшін өте құнды, Жетісудағы іздеусіз, сұраусыз кеткен тарихи тұлғалардың орнын толтыратын іргелі еңбек, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.