Елімізде соңғы 8 айда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 130 мыңға тарта шағым түскен

almaty.tv
almaty.tv
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жәбірленушімен 30 күн кездесуге шектеу қойылуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жәбірленушімен 30 күн кездесуге шектеу қойылуы мүмкін. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Депутат Ирина Унжакованың сөзіне қарағанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық қатері туралы хабарламаның өзі, оның ішінде әлеуметтік желіде жарияланған мәлімет те полицейлердің әрекет етуіне негіз болады. Сонымен қатар, қорғау ұйғарымын шығаруда полицейлердің өкілеттігін кеңейту ұсынылды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің бейнематериалында.

Отбасылық жанжал, ажырасу мәселелері карантин кезінде көп тіркелген. Мәселен, статистика бойынша биылғы 8 айда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 130 мыңға тарта шағым келіп түскен. Нәтижесінде 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалыпты, 30 мыңға жуығы  әкімшілік іс санатында. Көп жағдайда жәбірленушілер өтініштерін қайтып алатын көрінеді. Сондықтан зорлық-зомбылық жағдайлары азаймай тұр. Соңы қылмыспен аяқталады, балалар зардап шегеді, дейді депутаттар.

«Біз құқық бұзушының отбасындағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жауапкершіліктен жалтармас үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны алдында татуласу практикасын өзгертуді ұсынамыз. Тәжірибе көрсеткендей, зардап шеккендер агрессордың қысымымен және қауіп-қатерімен татуласуға келіседі. Сондай-ақ, егер отбасындағы зорлық-зомбылықтың куәгерлері кәмелетке толмаған балалар болса, отбасылық агрессорларға жазаны қатайтуды ұсынамыз. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің зерттеу нәтижелері қазақстандық балалардың 57% - ы өздерін үйде қауіпсіз сезінбейтіндігін көрсетіп отыр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ирина Унжакова.

Заң жобасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған айыптыны баспанасынан шеттетіп, жәбірленушімен және балаларымен 30 күн бойы кездестірмеу шектеу қарастырылған. Бұдан бөлек полиция қызметкеріне тәуелсіз қорғаныс бұйрығын шығару құқығын беру ұсынылды.

«Қазір бізде қалай? Полицей шақыруға келеді, айыптыны ұялтады, сөзбен қорқытады, сосын кетіп қалады. Бұл үнемі қайталанады, өйткені полицейлердің бейнелі түрде қолдары байланған. Бұл, ең алдымен, жәбірленушінің қорғаныс бұйрығынан еркімен бас тартуымен байланысты. Бұл норма жәбірленушіні әртүрлі қауіп-қатерлермен қорқытып, әділ жазадан құтылып кету мүмкіндігінен айырады. Мәселе неде? Бір полиция қызметкері принципшіл, екіншісі керісінше. Құқық қорғау жүйесінің қызметкерлері тарапынан адам факторының ықпалын барынша азайту қажет», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов тиісті қатайту шаралары оңтайлы нәтижесін бермей жатқанын айтты. Былтыр заң қабылданып, қосымша баптар енгізілген еді. Заң бойынша қамауға алу 5-тен 15 тәулікке дейін көбейтілген болатын.  Алайда оның сөзінше, отбасында жанжал жасағандар тек бір тәулікке қамауға алынып, босатылып жатыр. Сол себепті бір рет кешірім сұрау, ал екінші рет қайталанса, қамауға алу тәртібі іске асырылуы керектігі айтылды.  

Новости партнеров