Мамандар елімізде мемлекетке төленуі тиіс міндетті төлемдерді уақытылы төлеуді ескертеді
Атырау облысында он мың азамат алимент төлемей жүр. Сондықтан, сот орындаушылары мен тәртіп сақшылары салықтық берешегі барлардың мүлкін тәркілеуге көшкен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әуелі өз ұрпағы, кейіннен мемлекет алдындағы қарызын төлеуге асықпайтындардың арасында 1 миллиард теңгеге жуық айыппұлы барлар да кездесті.
Бұл азамат қарызға белшеден батқан. Бас-аяғы 4 млн теңге төлемі бар көрінеді. Рейд барысында сот орындаушыларымен тайталасып, қарсылық танытқан. Ол бұған дейін де бірнеше рет ескерту алыпты. Бірақ елемеген. Сондықтан, құзырлы орган мәжбүрлі түрде азаматтың көлігін алып кетті.
Ал жылдар бойы құзырлы органнан қашып жүрген тағы бір азамат бұл жолы да ізін суытып үлгерді. Сот орындаушылары оны тұрғылықты мекенжайына іздеп барғанымен, борышкер әдеттегідей үйде болмай шыққан. Жалпы, жыл басынан бері берешегін бермей, бала алдындағы парызынан құтылып кеткен 20 азамат жауапқа тартылған. Қазір сот орындаушылары мен полицейлер салықтан сытылып кеткендерден мәжбүрлі түрде мүлкін тәркілеп жатыр.
«Бірлескен бұйрық негізінде сот шешімін орындау мақсатында мемлекет пайдасына алиментпен салық төлемін орындамай жүрген борышкерлерге қатысты іс-шара барысында 2 азамат анықталып, тұрғылықты жеріне барып, олармен жұмыс жүргіздік. Олардың мүлкін тәркіледік», - деді жеке сот орындаушы Зухра Саясат.
Қоса кетейік, бүгінде 160 мың атыраулықтың басында төленбеген қарызы бар. Дені – жұмыссыздар. Ал қызметі барлардың өзі тұрғылықты мекенжайын жасырып, түрлі қулыққа барады екен.
«Қазір 9600-і алимент болса, сонымен қатар 14 мың әкімшілік айыппұлдарды өндіру бойынша құжат бар. Оның 12 мың құжаты полиция департаментімен жасақталған қаулылар бойынша өндірілуге жататын әкімшілік айыппұлдар. Қазіргі таңда мемлекет пайдасына 500 миллионға жуық ақша түсті», - дейді Әділет департаменті басшысының орынбасары Гүләнда Қыстаубаева.
Мамандар елімізде мемлекетке төленуі тиіс міндетті төлемдерді уақытылы төлеуді ескертеді. Ал алимент пен салықтан жалтарғандарға жаза бұдан да қатаңдамақ.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, "Алматы" телеарнасы, Атырау облысы