Бұл – қаладағы ашылған сегізінші орталық
Алматының Түрксіб ауданында «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы ашылды. Мақсат – мүгедектігі бар жандарға қолайлы жағдай, жайлы орта құру. Игі жоба аясында есігін ашқан орталық күніне 30-40 адамды қабылдап, тегін қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһардың Түрксіб ауданында қазір мүгедектігі бар 5500-ден астам адам тұрады. Енді олар үшін әлеуметтік, құқықтық, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікке баулу, тұрмыстық дағдыларды үйрету қызметін жүзеге асыратын «Тең қоғам» қолдау орталығы ашылды. «Күнделікті 30-40 адамды қабылдауға қауқарлымыз» деген әлеуметтік қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасауға тырысатынын жеткізді.
– Бизнес бастау, қазақ және ағылшын тілі үйірмесі болады. Заңгер қызметкері мен психологтармен кездесіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға қатысты сұраққа жауап алады деп ойлаймыз, – деді «Тең қоғам» әлеуметтік жобасының менеджері Кенже Құдайбергенов.
Ал Лилия Луценко мүмкіндігі шектеулі жандарға сурет салуды үйретеді. Ол – 3-топтағы мүгедек. Оның айтуынша, бейнелеу өнері кез келгеннің дертіне дауа болып, жанын емдеуге сеп болады.
– Арт-терапия бойынша сабақ беремін. Көп адамның жанына шипа болатын, жеңілдік сыйлайтын үйірме деп айтуға толық негіз бар. Өзім де сырқаттанып қалсам, сурет салып, рахаттанамын, – деді «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының қызметкері Лилия Луценко.
Әлеуметтік қолдау орталығынан қызмет аламыз дегендер риза. Олар «мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз» деп ақжарма тілегін білдірді.
– Түрксіб ауданынан кең офис ашылғанына қуаныштымыз. Құттықтаймыз. Осында қатысушылармен таныстым. Көп үйірмені білдік, қатысамын, – деді қызмет алушы Ұлпан Сапақ.
Айта кетейік, бұл – Алматы қаласы бойынша ашылған сегізінші орталық. Мүгедектігі бар жандар үшін қызмет көрсететін мұндай кеңістік мегаполистің барлық ауданында бар.
Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда бетон өндіретін зауыт іске қосылды