«Бұл шындықтың басы ғана». Парламент мәжілісінің депутаты Айдос Сарым қаңтар оқиғасына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, алдағы уақытта біраз ақиқаттың беті ашылуы керек. Ал ол үшін асығыс шешім қабылдамай тек тергеу нәтижесін күткен абзал. Сондықтан соттың шешімі өзінің заңдық күшіне енбей біреуді қылмыскер немесе айыпты деп айтуға болмайтынын алға тартты.
«Бүгін әріптестеріміз құпия жақтары бар деп айтты ғой. Өткен жылы Капитолдағы шторм болғанда АҚШ-та 800 іс қозғалған болатын. Соның алғашқы сот істері бүгін жүріп жатыр. Сол сияқты бізде де түрлі жылдамдықпен жүретіндер бар. Майда-шүйде ұрлықтар, дүкен тонау істеріне қатысты соттар бірінші кезекте өтетін болады. Сосын барып екінші кезекте үлкен істер қарала бастайды. Құқық қорғау органдары бар ғой», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Қасіретті қаңтар бір күнде пайда болған жоқ. Ол бұрыннан қордаланып келе жатқан әлеуметтік, экономикалық, саяси процестердің түйіні. Осылай деген Парламент Мәжілісінің депутаттары бұл мәселе аздаған уақыт ішінде шешіле салмайтынын айтады. Олардың ойынша, елімізді демократияландыруға, саяси реформаларға қарсы болған адамдар билікті басып алуға әрекет жасаған.
«Ең негізгі мәселе, елімізде қазір саяси реформалар жүріп жатыр. Міне, осы саяси реформаларға қарсылық 4-5 ай бұрын басталған. Және сол жерде осы билікке басқа адамдардың келу мәселесі дайындалған. Бұл мемлекетке, Президентке қарсы жасалған дайындық болған. Міне, қаңтар қасіретінің ең негізгі себебі осында. Ал ол қалай іс жүзіне аспақшы болды, оның артында кімдер тұрды, оларды тергеу әлі аяқталған жоқ. Аяқталса, нақты жауап аламыз», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.