Құрылыс барысында 130 километрлік теміржол төселеді, 3 станса, 13 көпір, 5 теміржол және 1 автокөлік өткелі салынады
Жаңа теміржолдың құрылысы басталды. Алматы торабындағы жүктемені азайтатын желінің алғашқы буынын бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың өзі төседі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Орталық Азия мен Еуропа елдерінен келетін жүк Алматыға бір жарым-екі күнге кешігіп келеді. Өйткені, транзит тар. Сәйкесінше, халықаралық бағыттардың қиылысында орналасқан Алматы теміржол торабында жүктеме арта береді. Осының бәрін болдырмау үшін салынғалы жатқан жаңа жол мәселені шешуге мұрындық болмақ.
«Алтынкөл-Қорғас» шекаралық өткелі арқылы өтетін теміржол бағыты соңғы жылдары қарқынды өсіп жатыр. Шпал, рельстер мен трансформаторлар шығаруды, инертті материалдар, құм және қиыршық тастарды жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асырады. Сіздерді Алматы стансасын айналып өтетін теміржол құрылысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!» – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Жобаның толықтай жүзеге асуына Қазақстан кемі 85% үлес қосады. Бұл мақсатта 1400 адам жұмыспен қамтылмақ. Ал желі іске қосылғанда шамамен 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
«Бүгін біз Алматы торабын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысын бастаймыз. Бұл желі соңғы уақытта қарқынды дамып келе жатқан Алматы торабын жеңілдету үшін қажет. Әсіресе, қала маңында өнеркәсіп дамып келеді. Көлік-логистикалық орталық та көп. Осының бәрі ескеріліп жатыр», – деді «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов.
Құрылыс барысында 130 километрлік теміржол төселеді, 3 станса, 13 көпір, 5 теміржол және 1 автокөлік өткелі салынады. Айта кету керек, Қазақстан аумағы арқылы Қытай – Еуропа, Қытай – Орталық Азия, Қытай – Ресей бағыттары бойынша негізгі контейнерлік маршруттар өтеді. Сондай-ақ біздің порттардан Кавказ, Парсы шығанағы, Түркия және басқа да елге тауар тасымалданады.
Мадина Оқас, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы