«Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ». Қаралы хабарға қабырғасы қайысқан зиялы қауымның да айтары осы
«Жау қайда деме, жар астында, бөрі қайда деме, бөрік астында» дегендей, қан жұтқызған оқиға қайталанбасын. Бұл Аза тұту күнінің соңғысы болсын деп тілеген зиялы қауым өкілдері де мерт болғандардың жақындарына жұбату айтып, қайғысына ортақтасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел басына күн туған сәтте онсыз да қамшының сабындай қысқа өмірін өлімге тігіп, ең алдымен өзін емес, халқының амандығын ойлап қаза тапқандардың есімі ел есінде. Бейбіт заманда азалы күндерді бастан кешкен Жамбыл облысының халқына жазушы Дулат Исабеков басу айтты.
«Қаза болғандардың отбасына көңіл айтамын. Өз бауырларымыздың табан асты о дүниелік болып кеткені қабырғамызды қайыстырып отыр. Бүкіл қазақ қайғырып жатыр. Енді мұндай нәрсе қайталанбасын», – деді жазушы Дулат Исабеков.
«Талай жанның жүрек тұсын езер хабарды естігенде жас парлап, қыршын кеткен жандардың артында жетім отбасы, бауыр еті баласынан айырылған ана жалғыз қалғаны одан бетер жанға батты» деген қаламгер Смағұл Елубай да қайғырып көңіл айтып, марқұмдарға дұға оқыды.
«Олардың барар жері жұмақ болар деп үміттенеміз. Алла Тағала олардың алдын жарық қылғай. Олардың жасамаған жасын, көрмеген бақытын, қызығын бала-шағаларына бергей деп тілейміз», – деді жазушы Смағұл Елубай.
«Айналайындар, бекем болыңдар! Берік болыңдар, сабыр қылыңдар. Ел-жұрт, халық сіздерді мұндай қайғыда жалғыз қалдырмайды. Біз сіздермен біргеміз!» – деді ҚР жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
«Айдың-күннің аманында болған жарылыс Отанның адал қызметкерлерін жалмап кетті. Олардың есімі ұмытылмас, ел жадында мәңгі сақталады» деген Нұрдәулет Ақыш та зар илеген жұртты сабырға шақырды.
«Бейбітшілік заманда еліміздің басында қайғылы жағдай орнады. Қаза болған жігіттерге бәріміз ішімізден қан жыладық. Осы жігіттердің жандары жәннатта болсын. Ел үшін құрбан болған әруақтар деп осыларды айту керек», – деді жазушы Нұрдәулет Ақыш.
«Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ». Бұл қайғы-мұңды бөлісіп, көңіл айтып жұбатқанда қолданылатын бейнелі нақыл. Қаралы хабарға қабырғасы қайысқан зиялы қауымның да айтары осы.
Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы