Елтай ауылдық округі әкімдігінің айтуынша, биыл 56 ит аулаған
Ауылымызда адамнан гөрі қаңғыған ит көп. Осылай деп шағымданған Көкөзек ауылының тұрғындары балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көкөзек ауылының тұрғындары соңғы уақытта көшеде еркін жүріп-тұрудан қалған. Олардың айтуынша, қаңғыған иесіз иттер ауылда кезіп жүр. Бәрінен бұрын балалары үшін қауіптенеді. Бірі мектепке апару үшін ақша төлеп көлік жалдаса, енді бірі өздері ертіп жүруге мәжбүр.
«Балаларымыз сабаққа кеткенде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Мысалы менің төрт балам оқиды. Жағдайын телефонмен сұрап отырамын», – деді Көкөзек ауылының тұрғыны Гүлбану Айдарбекова.
«Иттен қорқып 2 сынып оқитын қызымды мектепке апарып, әкелу үшін көршіме 10 мың теңге беремін. Ауыл ішінде автобус жүрмейді. Айына 10 мың теңге беріп, такси жалдаймыз», – деді Көкөзек ауылының тұрғыны Айзел Тілеубекова.
Бұралқы иттер мал мен жанға шабатынды шығарған. Осыдан 10 күн бұрын бір үйдің бір қора малын тамақтап кеткен көрінеді. Малмен жан бағып отырған отбасы бір түннің ішінде жер сипап қалыпты.
«Сегіз қойдың алтауын бауыздап, сан етінен жұлып, жеп кеткен. Біреуі ғана аман қалған. Шала жансар жатыр екен. Ал екі қой қашып, аяқтарын сындырып, аман қалған», – деді Көкөзек ауылының тұрғыны Сәрсенбай Әміре.
Ауылдың қай көшесімен жүрсеңіз де осындай көше кезіп жүрген иесіз иеттерді аңғаруға болады. Десе де олардың қайсысы құтырған, қайсысы иесі жоқ, қайсысының қаңғып жүргенін болжап білу мүмкін емес. Елтай ауылдық округі әкімдігінің айтуынша, жыл басынан бері дәл осындай 56 итті аулаған. Десе де ауыл жұрты оның саны әлі де азаймай отырғанын айтады.
«Тұрғын келіп, шағым жазады. Шағымды хабарлама арқылы жіберуге болады. Біз оны сұраныс ретінде қабылдаймыз, сол күні ветеринарлар келеді. Олар ауылға аптасына екі рет келіп, жұмыс жүргізеді», – деді Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов.
Ауыл халқы әкімдікке шағымданғаннан пайда жоғын айтады. Тіпті ветеринарлардың ауыл аралап, ит аулап жүргенін де көрмегенін алға атртты. Жазатайым оқиғаның алдын алу үшін заңның күшейтілгенін қалайды.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы