Өңірде қуаты 300 мегаваттан асатын 15 жаңартылған энергия көзі салынған
Кейінгі 5 жылда Алматы облысының өзінде қуаты 300 мегаваттан асатын 15 жаңартылған энергия көзі салынған. Ал бүгін аталған салада тер төгіп, күн-түн демей қызмет қылып жүрген мамандар айрықша құрметке ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Облыста энергетик күнін ерекше атап өтіп жатқан 13 мыңнан аса азамат бар. Оның ішінде аталған саланың өркендеуіне үлес қосқан 15 маман «Құрметті энергетик» төсбелгісімен марапатталды. Тағы 19 адам еңбегі үшін еленіп, құрмет грамотасы, алғыс хат пен жауапты министрліктің сыйына ие болды.
– Энергетика қай кезде де көпшілік үшін ең негізгі қажеттілік саналады. Ауыл шаруашылығы, ауыр және жеңіл өнеркәсіп болсын, бәріне энергия керек. Осы салалардың қарыштап дамуына титтей де болса үлесін қосып жүрген әр әріптесіме алғыс айтып, мерекемен құттықтаймын! Күз бен қыс маусымы – еңбегіміздің ел алдында сыналар сәті. Осы сәттен аман-есен өте берейік! – деді энергетика саласының ардагері Борис Артеменко.
– Алматы облысының жеке бөлінуіне байланысты және де Алатау қаласының салынуына байланысты облыста ірі жобалар қолға алынды. Олар кезек-кезек жүзеге асатын болады. Энергетиктерді кәсіби мерекесімен құттықтаймын! – деді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.
Күн мен су, желден алынатын өңірдегі таза энергияның жалпы қуаты 304 мегаватқа жеткен. Былтырдың өзінде 110 мегаваттық 2 жел электр стансасы іске қосылған еді. Құны 65 млрд теңгеге жеткен бұл нысаннан бөлек, биыл Райымбек ауданында шағын су электр стансасы да жұмысын бастаған.
– 2023 жылы біраз келісімшартқа қол қойылды. ЖЭС-2 және ЖЭС-3-ті газға ауыстыру және қуаттылығын арттыруға қаысты құжатқа қол қойылды. Бұл энергетика саласына үлкен серпін береді. Алматы облысында жаңартылатын энергия көздеріне көңіл бөлініп жатыр, – деді Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Ержан Әділет.
Энергетика саласы – инвестиция үшін перспективалы саналады. Тақырып аясында тарқатып сөйлеген облыс әкімдігінің өкілдерінің айтуынша, алдағы 2 жылда қуаты 130 мегаватт 18 жобаның іске асуы мүмкін. Бұл мақсатта 937 млрд теңге жұмсалмақ. Сәйкесінше, жаңа ашылған нысандарда 800-ден аса жұмыс орны пайда болады.
Технология дамып, энергия тұтыну деңгейі жыл санап артқан сайын мамандардың маңызы да еселеніп келеді. Қоғам тіршілігінің өзегі саналатын сала өкілдеріне көрсетілген құрмет те соның көрінісіндей.
Мадина Оқас, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы