Жер дауы: Алматы облысында 429 отбасы далада қалуы мүмкін

06.06.2024 00:22

Нұрғиса Тілендиев ауылында Сібір жарасының көмілген орны табылуына байланысты тұрғындардың құжаты заңдастырылмаған

Almaty.tv

Алматы облысында 429 отбасы далада қалуы мүмкін. Іле ауданына қарасты Нұрғиса Тілендиев ауылында Сібір жарасы көмілген орынның табылуына байланысты тұрғындардың құжаты заңдастырылмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шырқы кеткен халық шегесін қағып, шатырын жабуға жақын қалғанда қауіпті аймақта қалдық деп дабыл қағып отыр. Қоныс той күні жақындағанда құжат алатын мерзімі алыстаған ағайын қазір азар да безер күй кешкен.

– Сібір жарасының қоймасы бар деген әңгімені келісімшарты ұзартуға барған кезде ғана білдік. Ауыл округі әкімінің қаулысы бойынша, сібір жарасы көмілген жерде және мал қорымының санитарлық қорғау аймағында орналасқан, – деді Н. Тілендиев ауылының тұрғыны Айнаш Иманғалиева.

Ал мынау сол тұрғындар табан тіреген жерден қауіпті аймақ деп көрсетілген қоршаудағы қашықтық. Арасы 1000 метр болар-болмасын тексеріс анықтар, алайда маңайда егіс алқаптары мен шаруа қожалықтарының барын байқауға болады. Халық бұған дейін құжаттар қалай рәсімделіп келгенін түсінбей дал.

– Жерге байланысты шағымданып отырған 429 жер телімі бар. Оның 324 жер телімінде құрылыс салынған. Қателеспесем, 139 тұрғын жекеменшігіне аударып алған, – деді Н. Тілендиев ауылдық округі әкімінің орынбасары Тұрлыбек Анықов. 

Тілендиевтегі тұрғындар талабын тыңдату үшін Іле ауданындағы прокуратураға да бас сұқты. Олар ауыл шетінде сібір жарасының көмінідісі барына күмәнмен қарап отырғандарын жасырмайды. Алайда расымен қатер бар болса, зерттеп дәлелдесін деп отыр.

– Уәкілетті орган тұлғаларына тиісті баға беріледі. Себебі бұл жақта тек атқарушы орган емес, басқа да жауапты құзырлы органдар бар. Тексеріс аясында анықтап білдік. Ол жерде салынып жатқан үйлер де бар. Салынып болған құрылыстар да бар, – деді Іле ауданы прокурорының орынбасары Дидар Ерғалиев.

Қауіпті аймаққа құжат рәсімделіп кеткені үшін жауапты тұлғаларға тықыр таянбақ. Егер бұл былыққа әкімдік өкілдерінің де қатысы болса, олар да тергеледі. Сондықтан келесі қадамды тексеріс нәтижесі көрсетпек.

Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, Мұратбек Алмасхан, «Алматы» телеарнасы