Әкімдік өкілінің айтуынша, құзырлы органның жауабын күтіп отыр
«Бөгделер дәрет алып, ауланы ластайтын монша керек емес». Осылай деген Қаскелең қаласының 80-ге жуық тұрғыны құрылысқа қарсы шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал нысанға тапсырыс берушінің айтуынша, құылыс жұмыстары заңға сай жүріп жатыр.
Кірпіші қаланып, құрылысы жүріп жатқан монша тұрғын үйдің маңына соғылып жатыр. Ал мұнда, жұрттың айтуынша, 190-ға жуық пәтер бар. Баспананың тұрғындары монша құрылысына түбегейлі қарсы. Себебі нысанның «заңды екеніне күмәніміз бар» дейді.
«Ешқандай құжат көрсеткен жоқ. Өкілі келді ғой. Бізге құжатын көрсетсе, біз айтар едік... Көрсетпеді. Техника, қауіпсіздігін қараңыз. Мысалы, ана жақта от жағып жатыр. Арматура кеседі дырылдатып, мына жерде балалар ойнайды», – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Әйгерім Көбеева.
«Монша болған соң міндетті түрде үстінде кафе болады. Шу болады. Мында зағип жандар тұрады. Мүмкіндігі шектеулі, көздері көрмейді. Олар таяқпен бордюрлар арқылы жол табады. Жолды алып тастаған. Көлік жүреді», – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Айгүл Құрманқұл.
Ал монша құрылысына тапсырыс берген кәсіпкердің сөзіне сенсек, оның қолында қажетті құжаттың бәрі бар. Жергілікті әкімдік рұқсат берген дейді.
«Халықтың шулау себебі «егер монша салынса, су болмай қалады» деп отыр. Су мәселесін біз шешеміз. Ешқандай қиындық болмайды. Бәрі дұрыс болады. Қол, рұқсат болса неге заңды емес? Кім болса да, заңмен істейді. Құжаттың бәрі дұрыс және түгел, әкімдікке барсаңыз, олар бәрін айтады», – деді тапсырыс беруші Ержан Бәкеев.
Әкімдік өкілінің айтуынша, монша құрылысына 2021 жылы рұқсат берілген, алайда құрылыс заңды не заңсыз екені енді анықталмақ.
«Сәуір айында құрылыс басталды. Құрылыс нормаларына сәйкес келмей, заңбұзушылықтар байқалғаннан кейін, біз ға хат жолдадық. Жауабын күтіп отырмыз. Егер заңбұзушылықты жою мүмкін болмаса, сотқа беріп бұзу керек», – деді Қарасай аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бағдәулет Сағындықов.
Тұрғындардың айтуынша, қазір басталып кеткен монша құрылыс алаңында бұрын саябақ болған. 2005 жылы ашылу салтанаты өтіпті. Ал қазір мұнда жасыл желек былай тұрсын, адам жүретін орын тапшы.
Оразай Нұртай, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы