Қазақстанда заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 116 медицина қызметкері анықталған

21.07.2020 04:01

270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Polisia.kz

Қазақстанда заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 116-сы медицина қызметкері. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің төрағалығымен өткен коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, карантин кезеңінде барлығы 4000-нан астам талапты бұзушылар анықталып, оларға шара қолданылған.

«Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды заңсыз сатудың жолын кесу бойынша заңсыз айналымнан 65 мыңнан аcтам қорап дәрілік препараттар, жарты миллион медициналық маска мен 36 мың медициналық бұйым тәркіленді. Олар қымбат бағада сатылған. Сондай-ақ, ішкі істер органдары дәрілік заттарды заңсыз сатудың 348 фактісінің жолын кесті. Полицияға 284 адам жеткізілді, оның 138-сі медицина саласының қызметкерлері. Алынған медициналық препараттар аумақтық денсаулық сақтау органдарына беріледі», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, сондай-ақ, кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті. Сонымен қатар, Президент қалалардағы ахуалды тұрақтандырамыз деп, ауыл тұрғындарын назардан тыс қалдырмауды тағы да еске салды.

«Халықтың жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Бүгінде ауылдағы азаматтар үшін диагностика және емдеу шаралары қол жетімді емес. Тіпті, қарапайым дәрі-дәрмек жетпей жатыр. Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.