2023 жылғы 15 мамырда Халықаралық отбасы күні аясында Алматы қаласы республикалық Достық үйі мен «PROFEXPERT» ЖШС ұйымдастыруымен «Әйел отбасының жылуы» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараның мақсаты – отбасы мәдениеті туралы түсінік беру, бауырмалдық, қайырымдылық қатынастарын нығайту, бақытты жанұяның моделін дайындау, отбасы құндылығын насихаттау.
Кездесуге «Almaty» телерадиокомпаниясының бас продюсері Ралида Мұқанова, белгілі тележурналист, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты Толқын Сайдуова, «PROFEXPERT» ЖШС директоры Руслан Қалиоллаұлы және этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу басында Алматы қаласы республикалық Достық үйі басшысы Нұрсәуле Әлтекова қатысушыларды отбасы мерекесімен құттықтап, мықты, берік, тату отбасы жастарға үлгі болатынын тілге тиек етті. Отбасы қашанда әртүрлі ұрпақ арасындағы байланыстырушы буын, рухани және мәдени дәстүрдің сақтаушысы екенін атап өтті.
– Әрбір адам өзі бақытты болуы үшін, ең бастысы, өзгелерді, оның ішінде бірінші болып балаларды бақытты ету керек. Бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержететінін білеміз. Себебі бүгін – жарық дүниедегі ең жақын жандарыңыздың төл мерекесі, – деп атап өтті белгілі тележурналист Толқын Сайдуова.
Отбасы тақырыбы жиналған қатысушыларды өте қызықтырды. Кездесу соңында қатысушылар сұрағын қойып, бір-бірін мерекемен құттықтады.