Алматының Түрксіб ауданындағы жекеменшік балабақшалардың бірі заңсыз жұмыс істеп келген. Бұлай деп жергілікті әкімдік мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазіргі таңда кәсіпкермен қаланың мемлекеттік активтер басқармасы соттасып жатыр. Туындаған мәселеге байланысты әсіресе, ата-аналар алаңдаулы. Ал шенділер бүлдіршіндер балабақшасыз қалмайды деп сендірді. Олар көрші мектепке дейінгі мекемелерге орналастырылмақ.
Түрксіб ауданындағы жекеменшік балабақшалардың бірінен шу шықты. Оған қала әкімдігінің кәсіпкермен «Балапан» бағдарламасы аясындағы келісімшартты бұзғаны себеп болған. Өйткені, ондағы мемлекеттік тапсырыспен балабақшаға барып жүрген 39 баланың ата-анасы енді 18 мың теңге емес, толық соманы төлеуге міндетті. Десе де, жергілікті әкімдік кәсіпкердің нысанды заңсыз иеленгенін айтады. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс тоқтатылыпты.
«BTK Group» балабақшасына мемлекеттік тапсырыс 2015 жылы болған. Оны «Балапан» бағдарламасы деп те жатады. Ол қазір мемлекеттік тапсырыс 2015 жылы болған. Ал енді 2016 жылы қаңтар айындағы №122 бұйрық бойынша құжаттар жинағанымызда, бұл мекеме бізге жер мен ғимарат өзінің жекеменшігі екені туралы құжат беруі керек еді. Бірақ олар бүгінгі күнге дейін тиісті құжатты бере алмай келеді. Яғни, ондай құжаты жоқ болып отыр», – деді Алматы қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Әлия САҒИЕВА.
Ал жекеменшік балабақша орналасқан нысан бұрын республиканың меншігінде болыпты. Оны 2016 жылы Алматы әкімдігі өз қарамағына алған. Сол кезде қаладағы мемлекеттік ғимараттарға жауапты мемлекеттік активтер басқармасы кәсіпкерге нысанды босату туралы хабар берген. Себебі, заң бойынша кәсіп иесіне мемлекеттің балансындағы орында бизнесін жүргізу үшін тендерді ұтып алып, кейін ай сайын белгіленген сомада жалдау құнын төлеуі тиіс.
«Мемлекеттік мүлік жалға тек 2015 жылы қабылданған ережелерге сәйкес берілуі керек. Ол gosreestr.kz сайтында тендер арқасында беріледі. Жалға беру шартының жалға беру ақысы ол да ережелерге сәйкес саналады. Соған байланысты біз қазіргі таңда бұл компаниямен тікелей жалға беру келісімшартын жасай алмаймыз. Тек тендер арқылы ұтып алған адаммен ғана шарт жасай аламыз. Қазіргі таңда Бас прокуратураға кассациялық арыз бердік», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасы басшысының орынбасары Алмас ЖАРБОЛОВ.
Ал шенеуніктер мен кәсіпкер арасында келіспеушіліктен ата-аналар да, балалар да еш зардап шекпейді. Кейін сот шешімі шығып, нысан мемлекетке қайтарылса, Түрксіб аудан әкімдігі мұнда мемлекеттік балабақша ашуды көздейді.
«Бұл балабақшаны біз мемлекет тарапына қайтарып, сметалық құжаттар дайындап, күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи мемлекеттік балабақшаға айналдырмақпыз. Біз бұл ғимаратты босатып беру туралы талап-шарт қойып отырмыз. Ғимарат босағанда ол жердегі балалар да, ата-аналар да ешқандай зардап шекпейді. Өйткені, олардың бәрін жан-жақтағы балабақшаларға бөліп, орналастырамыз», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек БЕЙСЕУОВ.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы