Атом электр стансасының құрылысына қатысты референдум өтетін күн таяуда белгілі болмақ. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Энергетика министрі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алмасадам Сәтқалиевтің ақпарынша, қазір еліміздің барлық өңірінде аталған мәселеге қатысты халықтың пікірі сұралып жатыр. Ұлттық ядролық орталық пен өзге де институт өкілдері жер-жерді аралап, тұрғындармен кездесу ұйымдастырған.
– Халық тарапынан қызығушылық бар. Кездесу барысында халық ұсынысын, тілегін тыңдадық. Атом стансасы құрылысы бастамасын қолдап отырғаны қуантады. Бұл жұмысты жалғастырамыз. Мамандар Қарағанды, Астана қалаларында болды. Консультациялар қорытындысына сәйкес референдум өтетін күн жарияланады. Әзірше ол белгісіз, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Кездесуде бұдан бөлек, еліміздің жылыту маусымына дайындығы сұралды. Энергетика министрі алдағы қыста бірқатар аймақта апат болуы мүмкін екенін жасырмады. Кей өңірде жауапты кезеңге толық дайындалып үлгермей жатқан көрінеді. Бұған саладағы кадр тапшылығы да себеп. Салдарынан ерте көктемде жоспарланған бірқатар энергетика нысанындағы жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған. Десе де, Алмасадам Сәтқалиев өткен жылы қақаған қыста тұрғындары жылусыз қалған Екібастұз бен Риддердің дайындығы 100 пайыз деп сенімді айтты.
– Техникалық жай-күйіне байланысты жөндеу жұмысы жүргізіліп, қазандықтар жұмыс істеп тұр. Тағы 5 қазандықты жөндеу жұмысы таяу күндері аяқталады. Қазір қала 100 пайыз жылуға қосылған. Бәрі жылу жеткізудің базалық режиміне сай жүріп жатыр. Мердігер ұйымдар жұмысын әлі жалғастырып жатыр, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қанша адам салық төлемей жүр